Ресми

Хакім ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды

Абай күніне орай Қарағандыда ұлы ойшылдың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Ақынның күні – 10 тамыз Қазақстанда мерекелік күн ретінде бекігені мәлім. Айтулы күнге орай ұйымдастырылған салтанатқа облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, мәдениет майталмандары, ғалымдар және қоғам қайраткерлері қатысты.

– Абай күнін атап өту – біз үшін маңызды. Себебі, Абай – бүгінгі және болашақ күннің мақтанышы мен философиясы. Бұл – табиғат, адам туралы жан-жақты білім. Осы ойлардың барлығы технологиялық прогресс пен цифрландыруға қарамастан ешқашан мәнін жоғалтпайды. Ал адамдағы адамгершілік – ең басты құндылық, – дейді Қарағанды облысы ҚХА мүшесі, Еврей мәдени орталығының төрағасы Вилен Молотов-Лучанский. Абай – ерекше дарын иесі, ақын, ағартушы, қоғам қайраткері. Оның «Қара сөздері» – қазақ әдебиетінің інжу-маржаны, тұңғиық терең ойдың көзі. – Бүгін – бүкіл қазақ халқы үшін ұлы мерекелердің бірі, Ұлы Абайдың даналық күні. Абай күні біз болашақты ойлаумен қатар, біздің іс-әрекеттерімізді, бүгінімізді түсінуіміз керек. Мен халқымызды Абай күнімен құттықтаймын. Абайдың даналығы бүгінгі және болашақ ұрпақтың әліппесіне айналғанын қалаймын, – деп атап өтті белгілі меценат Бекзат Алтынбеков. Сонымен қатар, облысымызда Абай күніне орай көрмелер, бейнесабақтар, дөңгелек үстелдер, байқаулар, ғылыми-танымдық конференциялар және де басқа шаралар өтті. Карантиндік шектеулерге байланысты оның басым бөлігі онлайн-форматқа көшірілген. Қарағанды облысында ақынның үш ескерткіші және төрт бюсті бар. Қала, аудан және екі ауылдық мекенге, үш даңғылға, сексен көшеге, жеті оқу орнына, екі мәдениет үйіне Абай есімі берілген.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button