Бас тақырып

Хакатон: ғылым өндірісте ұштасады

Қарағандыда Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде «Қазіргі заманғы шаймалау әдістері және олардың тау-кен металлургия саласындағы болашағы» атты екінші ғылыми-технологиялық сессия өтуде. Іс-шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен ұйымдастырылып, гидрометаллургия саласындағы озық технологияларды талқылауға жетекші ғалымдар, сарапшылар және өнеркәсіп өкілдері жиналды.

Бағдарлама аясында пленарлық отырыстар, қазақстандық және шетелдік мамандардың баяндамалары, сондай-ақ инновациялық шешімдерді іздеуге бағытталған пікірталастар ұйымдастырылмақ. Сессия барысында мыс кендерін жерасты және жерүсті шаймалау тәсілдерінің келешегі, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мәселелері және оларды өндіріске енгізу жолдары қарастырылмақ.

– Ғылым мен бизнестің өзара ықпалдастығына ерекше көңіл бөлінді. Кәсіпорындар өкілдерінің, соның ішінде «Қазақмыс» корпорациясы мамандарының қатысуы осы бағыттағы байланыстың маңыздылығын көрсетті, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағамбет Бөлекбаев. Екі күндік жұмыс барысында ғалымдар ғылыми баяндамалар ұсынып, заманауи технологияларды енгізу тәжірибесімен бөлісіп, қолданбалы зерттеулерге негізделген шешімдер әзірлейді.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саят Нұрбек сессияның Премьер-Министр Олжас Бектеновтің Жоғары ғылыми-техникалық кеңес отырысында берген тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылғанын атап өтті. Бұл бастама ғылым мен бизнестің ықпалдастығын арттыру, ұлттық экономиканың нақты қажеттіліктерін қанағаттандыру, ғылыми-техникалық дамудың басым бағыттарын айқындау және экспортқа бағытталған жаңа өнімдер шығару мақсатында қолға алынған.

Жиын қорытындысында бойынша коммерцияландыруға ұсынылатын басым ғылыми жобалар іріктелмек. Оларды жүзеге асыру бағалы металдарды өндіру тиімділігін арттырып, экологиялық жүктемені азайтуға, сондай-ақ Қазақстанның тау-кен металлургиясындағы жетекші орнын нығайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Аяулым СОВЕТ,

ortalyq.kz

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button