Хайуанаттар бағы жас бизондар сатып алды
Қарағанды хайуанаттар бағының жануарлар әлемі жаңа тұрғындармен толықты. Мұнда Ақмола облысындағы фермада дүниеге келген үш жас бизон – Марс, Венера және Майя әкелінді. Аталған фермада бұл жануарлар 2024 жылы Канададан жеткізілген бизондардан туған.

Жануарлар Қарағандыға арнайы жабдықталған көлікпен, барлық қауіпсіздік және жайлылық талаптары сақтала отырып жеткізілді. Хайуанаттар бағында олар үшін кең вольер дайындалды, сондай-ақ ауа райы қолайсыз кезінде паналайтын жылы үйшік те қарастырылған.
– Бизондар қолға үйренген, адамдардан қорықпайды. Қызметкерлеріміз олардың торына емін-еркін кіріп, азық беріп, аумақты тазалап жүр. Әуелде олар тек шөппен қоректеніп келген, бірақ қазір біздің зообақтың диетасына бейімделіп жатыр. Қазір біз оларды сәбіз, қызылша және бидаймен азықтандырамыз, – дейді Қарағанды хайуанаттар бағының директоры Гүлнар Адамбекова.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА