Хақиқат һақындағы хикаят
« – Саржан. Жарым, жалғызым. …Ақыры, қайта көрістік-ау!.. Арада сегіз жүз жыл өтсе де, мені бірден таныдың. Иә. Мен – сенің мәңгілік қосағың Айсұлу бегім. Сен… хан ұлы едің. Орысқа үрей, қыпшаққа мерей туған, күн беттегі бұлғармен анда болған, түнбеттегі мажармен құда болған, абырой-атағы аспанды шарпыған Көбек ханның ортаншы ұлы. Ағаң ел бастады. Інің қол бастады. Ал сен… биліктен де, ерліктен де бас тартып, бабаларыңның аруағын әйгілеген бәдізші болуды қаладың». Әдебиет әңгімесін қаламгер М.Мағауиннің «Қыпшақ аруы» хикаятындағы Ұмай текті Қыпшақ аруының сөзімен ашып отырғанымыздың жығылмас дәлелі, әділ себебі бар. Ол – әркімнің өмір сүруге құқығы! Адам болып өмір сүру – Ұмай Ананың қазаққа аманат еткен заңы.
Мағауин хикаятының негізгі кейіпкерінің бірі – «Қыпшақ тас мүсіндері» кітабы, жазушының сүйікті серігі. Хикаятта Москваның «Наука» баспасынан 1974 жылы шыққан «Половецкие каменные изваяния» кітабының авторы С.А.Плетнёваның есім-сойы неліктен «С.А.Половцева» болып өзгертілген?
Әлде, жазушы хикаят жанры болған соң кітап авторын жазбақ тақырыбына сай қазаққа бір табан болса да жақындата түсейін дегені ме? Әлде, Мағауин оқырманға археолог Плетнёваның «Половцы» атты еңбегін оқысын деп сілтеме жасағаны ма? Әйтеуір, автор хикаят мәтінінде оқырманды «половцы» тақырыбымен бірнеше мәрте жолықтырып бағады.
Хикаятта автор батыс қыпшақ хандары Кобяк пен Кончакты еске салумен бірге өзінің кейіпкері мүсінші Саржан Көбековке Алматыда жүріп жатқан Бородинның «Князь Игорь» операсын қайта көруге кеңес береді. Автор астаналық қойылымды тәп-тәуір дей келе, операның өзін өткен дархан өмірдің жүдеу көлеңкесі ғана деп бағалайды.
Мағауин дұрыс байқаған. Тарих жайын сөз еткен басқа қойылымдарды да өткен өмірдің «жүдеу көлеңкесі», «сүреңсіз суреті» деуге заңды негіз бар. Өйткені, тарихты жасайтын да, жазатын да адам баласы. Әркімнің мақсаты өз керегінде. Өзіне керегін күлшелі бала қылып суреттесе, керексізін ұсқынсыз қылып, құр сүлдерін қалдырар. Сөзіміз дәлелді болсын, хикаяттағы князь Игорьге қатысы бар бір суретті біз де сөйлетейік.
Сурет – ресми дерек, анық дәлел деп танырлық дүние. Құнды құжат 1964 жылы «Просвещение» баспасынан шыққан В.Ивановтың «Орыс тілінің тарихи грамматикасы» кітабының 31-бетінде жүр. Суреттің атауы: «Страница первопечатного текста «Слова о полку Игореве». Көне жырдың алғаш 1800 жылы басылған мәтінінің бірінші беті. Алғы беттегі (а) таңбасымен белгіленген бірінші сілтемеде князь Игорь 1151 жылы 15 сәуірде туғаны аталған. Мағауин хикаятында қыпшақ ханы Көбектің ұлы Саржан бәдізші 1153 жылы туыпты. Қыпшақ аруы Айсұлуға үйленген 1173 жылы Саржан 20 жасқа толған еді. Князь Игорь мен бәдізші Саржан – заманы бір құрбылар. Тағдырлары да ұқсас. Саржанның 13 жылдан кейін құрсағына сәуле қонған жұбайы Айсұлу 1186 жылы баладан кетеді. Жаңағы сілтемеде князь Игорь 1184 жылы Галицин князі Осмомысльдің қызы Евфросиньяға үйленгені айтылады. Ғалым П.Голубовскийдің «Печенеги, торки и половцы» зерттеуінде Игорьдің бес ұлының үлкені Владимир 1185 жылы хан Кончактың қызына үйленген деген. Бұл дерек князь Игорьдің 1184 жылы Евфросиньяға үйленбестен бұрын үйлі-баранды болғандығына дәлел, айғақ. Алайда, суреттегі сілтемеде Игорьдің қыпшақ әйелі хақында бір сөз де айтылмаған. Көне «Игорь полкі туралы» жырында да князь Игорьдің нағашы, қайын жұрты екендігі жайлы айтылмаған.
Князь Игорьдің хан Кончакпен құда болуының тарихының тамыры тым тереңде екендігін А.Асовтың «Тайная история русского язычества» атты еңбегі аңдатады. А.Асовтың дерегіне сай ІХ ғасырдағы бірінші князь Игорь Түмен Тархандағы (Тмутаракань – салық төлеуден босатылған қаланың қаһаны) половец ханының Ульджай атты қызына үйленіпті. ХІІ- ғасырдағы князь Игорьдің атасы Черниговтік Олег, 1083-1093 жылдары Түмен Тарханда билік құрған. Әдебиетте осы Олегті орыс князьдерінің тақ таласы, жанжалында әрдайым половцыларды көмекке шақырып отырғаны үшін «Гориславович», – деп атап кеткен. Гориславович – күйік, қайғы мағынасында. Кінә Гориславович емес, заман заңында болатын.
Гориславовичтің кезінде қалада да, далада да «аванкулат» заңы үстемдік құрған. Заңның атауы латын тіліндегі «Avunculus» сөзінен өрбіген, тікелей мағынасы «кішкентай ата», «анасының ағасы» – нағашы. Ағасы үшін қарындасының ұлы өзінен туған ұлдан жақын саналған, жиені үшін нағашысы өзін жауапты деп есептеген. Өйткені, ата-ана үйінде ағасы қарындасына тәрбиеші, ақылшы ретінде қызмет көрсетсе, қарындасы тұрмыс құрғанда нағашысы жиені үшін аталық рөлін атқара отырып, әрдайым оған көмекке келген. Аға мен қарындас – адал сүт емген, құрсақтан егіз жандар, Ұмай ана ұрпағы.
Банту тілінде ана құрсағын «nda» деп деп белгілесе, бір анадан туғандарды «еnda» деп атаған. Құрсақ терминімен қазақтың Ұмай Ана ұғымы тікелей байланысты. Ғалым Қ.Жұбановтың зерттеуіне сай байырғы қазақ тілінде «Ұ» – болу деген сөз. Адам болу! Қазақ болу! Егіз ұғымның құрсағы – Ұлытау. Шумер тіліндегі «құр» – тау деген мағынаға ие. Қазаққа құрсақ болған – Ұлытау! Қазақ Ұлтына пана болған – Ұлытау! Ұлытау – Құрсақ ұғымы сонау Қайсақ дәурінен бергі Дешті Қыпшаққа дейін өніп-өсіп жеткен.
Хикаяттағы «Күн беттегі бұғармен анда болған» жолдардағы «анда» – тең адамдар. Бір анадан туғанды тең санаған соң адамзатта бір ру – ұжымда билік әкеден балаға емес, әкенің ағасына, не болмаса, рудың үлкен кісісіне ауысып отырған. Ғалым И.Дьяконов айтқандай шумерлік Гильгамештің есімі «Bil(i)ga-mes-тің» мағынасы «әке жағынан туыс – көшелі кісі». Көшелі өнер иесі әркімнің өмір сүруге құқығының қорғалуын, билікті бір әулеттің иеленіп кетпеуін қадағалайды.
Хикаят хан Көбекті «түн беттегі мажармен құда болған» деп таныстырады. Қазіргі «құдандалы» термині екі түбір сөзден құралған: «құда» және «анда». Бұқар жыраудың «Керей, қайда барасың?» өлеңіндегі: «Абылай алдында бітіссең, Құдандалы таныспын. Абылай алдында бітіспесең, Атасын білмес алыспын» деген жолдар құданда заңынан жеткен қағидат. Арғы адамзат бейбіт ғұмыр кешпек оймен құдалық жолын таңдаған ғой. Осы бір байырғы тәртіптен мағлұмат берер Т.Әбенайұлының «Құпия шежіренің құпиясынан» үзінді келтірелік: «Егер жат ру адамдары ұтығымен келіп, енді бір руға кірме болам десе, сол рудың тағы бір қыз алысатын аталасымен құда болып, қан араластыруы шарт. Дәл өзі кірме болатын руға қыз беріспейтін себебі, ендігі жерде олармен тіке туыс саналады. Ал, екінші бір кіші руға қыз беру жосынын жасамаса, бәрінің сыртынан қарайтын үлкен руға қандастық қатынас қалыптаспаған болады да, кірме болу (туыс болу) толымдылығына жете алмайды».
Тең һәм тату-тәтті отбасын құруды қалаған қазақ әлі ана бойына бітпеген жан иесіне де құда түскен, оны «қызыл құда» деп атаған. Құда түсу, қалыңмал төлеудің ар жағында халық, тайпа, ұлт, ұлыс болып қалу мақсатында өз ұрпағын дүниеге келтіру қызметі жатыр.
Ғалым Д.Ольдерогге «Советская этнография» журналының 1947 жылғы №1 санындағы «Отбасы және неке тарихынан» деген мақаласында Оңтүстік Африканың банту халқында «лоболо» (қалыңмал) төлеу әдеті әйел затын сатып алу емес, тек жыныстық тұрғыдан жетілген ағзаның өміршең ұрпақ әкелуге қабілеттілігін бір рудан екінші руға сату деп танылғанын айтады. Қалыңмалға адам басы сатылмаған, қыздың рулық атауы (shivongo) сақталып қалған, тек оның құрсағына (mbeleko) біткен «жаңа өмір келтіру» қабілет – қасиеті сатып алу объектісіне айналып, басқа рудың жеке меншігіне ауысқан. Келісім бойынша әйелдің бала табу қасиеті күйеу баланың руына көшкендіктен, оның күйеуі қайтыс болса қыз оның інісіне тұрмысқа шыққан, бұл норманы қазақтар «әмеңгерлік» деп атайды. Қалыңмалға келген әйел заты бала көтере алмайтын жағдайда қыздың төркіні күйеуге оның орнына басқа қызын қалыңсыз беруге міндетті болған. Екі ру арасындағы келісім бойынша қыз берсе, екінші жағы мал береді. Қазақтың «қалыңмал» сөзіндегі «мал» – келісім, «қалың» – зеңгі баба тұқымы сиыр, бұқа. «Қалың» терминіндегі түбір сөз «қа» ертедегі шумерлер тілінің алтайлық тармағына жатады. Өйткені, арғы шумерлер Түркістан мен Қазақ жерінен тым әріде ауып келген, олар өздерінің туған жерінде алғашқы болып тағы сиыр, бұқаны қолға үйреткендер. Мұндай пікірді ғалым Б.Грозный «Вестник Древней истории» журналында жарық көрген (1940 ж. №4) «Доисторические судьбы Передней Азии» атты мақаласында анық айтқан. Грозныйдың пікірі бойынша біздің қолданыстағы «қара мал» термині арғы түркі – шумерлік ономатопеялық «(n) gu (d)» сөзінен бастау алады. Олай болатын себебі, құдалық келісіміндегі негізгі субъект, қызмет атқарушы «қара мал» – бұқа, сиыр. Табиғи тағы жануарды қолға үйрету ісі әлеуметтік, мәдени тұрғысынан қарағанда бала асырап алумен теңдескен. Сол себептен адамның төрт түлік алдында жауапкершілігі артып, оның бәрін асырау міндетін өз мойнына алуға тиіс болды. Тіліміздегі «құд», «құда» терминінің тамыры осы «(n) gu (d)» сөзінде жатыр. Соңғы «жатыр» сөзі жалпы адамзаттық мифологияда көрініс береді. Мифтік символизмде әйел жатырын, тар құрсақты Нұқ пайғамбардың кемесі (ковчег) ана бастауы саналады. Өсіп, өну – өмір сүру заңы. Сайып келгенде, өмір ұғымында өлім жоқ. Абай да айтпай ма: «Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, «Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі, «Мен» мен «менікінің» мағынасы – екі. «Менікі» өлсе өлсін, оған бекі. Шырақтар, ынталарың «менікін» де, тән құмарын іздейсің күні-түнде. Әділеттік, арлылық, махаббат пен – Үй жолдасың қабірден әрі өткенде».
Енді, Абай «үй жолдасың» дегенде қай «үйді» меңзеп тұр деген ойға тоқталайық. Бети бе Коло халқының эвонда тайпасы «nda» терминімен «үй» ұғымын белгілейді. Бұл арада «үй» ұғымы мекен, тұрақ, баспана емес, туыстық қарым-қатынасты анықтайтын құқықтық мағынаға ие, яғни – отбасы, шаңырақ.
Адам болмысының үйі – Тіл. Адамзаттың үйі – кемел келісім. Адастырмас, тура бастар жол – һакім хақиқат. Ғалым Н.Микитенко чех тілінде manželka (поляк «malźonka»), келісім бойынша алынған әйел. Алғы дыбысталуы келесідей болған дейді: malžena, žena – әйел, «malu» – келісім.
Ертеде тайпа, ру басшыларының жат жұрт, бөтен елмен династиялық некелесуі, құдалық келісімі жалпы халықтық кеңесте қаралып бекітілетін. Алғы қазақ «Мал-жан аман ба?» деп амандасушы еді. «Мал» – келісім, құқықтық ұғым, заң термині. Көнежоғарғы неміс тілінде «mal» – таңба, мөр, хат. Көне исланд тілінде «mal» халықтық кеңес, сот, сөйлеу.
Байырғы ережелермен қазақтың «тең адам анда, текті ауыл құда» деген заңы үндес. Абай да адамзаттық ата заңға сүйеніп сөйлеген: «Қыз іздесең, қалың бер, Мұным ақыл болмай ма? Көріп алсаң көріктіні, Таңдап алсаң тектіні, Сонда да, көңіл толмай ма?»
Көбек ханның ортаншы ұлы, бабаларының аруағын әйгілеген бәдізші Саржан да Қыпшақтың текті ауылының қызы, көрікті аруы Айсұлуды ел аралап жүріп, қапияда көріп қалып, қалың малын толық төлеп алыпты.
Жазушы М.Мағауин өзінің бәдізші Саржан мен ару Айсұлу жайындағы ғажап хикаятын «Қош бол, ғажайып Қыпшақ аруы!» деп аяқтайды. Көркем туындысын неден бастап, немен аяқтау автордың өз еркінде болса, хикаятты ақиқатқа айналдыру ғұмыр заңының еркінде.
P.S. Бүгінгі күні, қаламгер Мұхтар Мағауин мұхиттың арғы бетінен Анадолы жеріне аман-есен оралыпты деген қуанышты хабар жетіп отыр.
Қош келдіңіз, һакім қаламгер Мұхтар Мағауин!
Марат АЗБАНБАЕВ