Басты тақырыпТұлға

ГУМИЛЕВ пен СЕЙДІМБЕК

Абыз даланың қобыз кеуделі ұлы. Ол – Ақселеу СЕЙДІМБЕК! Иә, Ақаңның әр жазбасы ғасырлар қойнауынан Қорқыт қобызының сарыны болып сыр шертіп, Байғозы бабасы ұстаған Алаш байрағындай желбіреп тұрушы еді ғой. Қайда сол сарын, қайда сол рух? Ақаңмен бірге кеткендей ме, қалай?!

Ақаң ортамыздан мәңгіге алыстағалы да сегіз жыл өте шығыпты. «Атқан оқтай, шапқан аттай» зымыраған уақыт деген жүйрігіңіз жүгенге бас сұға ма?! Алаштың Арына, руханияттың нарына айналған Ақаңның бейнесі – сағынышқа, мұрасы – жәдігерге айналды.

Әлеуметтік желіге әуес болып алдық қой. «Ютуб» желісін ақтарып отырып, Ақселеу ағаның жарқ ете қалған жанды бейнесіне жолыға қалдық. Еуразия Ұлттық университетінің студенттерімен болған кездесу болу керек, Ақаң көсіліп тұр. Әдеттегідей, көмейден әрідегі көмбесінен төгілген сыры қағазға қаз-қалпында түсе қалды. Сыр дейміз-ау, шерге ұқсаттық… Өзімен бірге талайы кетті ғой. Қолымызға түсе кеткен жәдігер-жазбаны жөппелдемеде хатқа түсіріп, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Бейнежазба – әуесқой түсірілім. Сондықтан болар, «басы – бар, аяғы – жоқ» дейтіннің өзі. Сонда да, құнды. Ақаңның өз ғұмырындай келте жазбада кемел ой бар.

 

Ақселеу ағаға қойылған алғашқы сұрақ жазылмай қалған. Жазба Ақаңның өз сөзімен басталады.

Мен Бетпақдалада өстім. Орысты тұңғыш рет бесінші класта көрдім, машинаны алтыншы класта көрдім. Демек, мен қазақтың дәстүрлі қоғамына, көшпелі өмір салтына көз қанықтырып өстім. Менің бағыма қарай, маңдайыма Қазақ Ұлттық Университетіне түсу жазылды. Филология факультетіне түскеннен кейін мен тарих, этнография саласына зор мән бердім. Нәтижесінде, оқыған оқуым журналистика болса да, осы тарих пен этнологияны өзімнің өмірлік мұратыма айналдырдым. Осы салада біраз еңбектер жасап көрдім.

Студент:

Туған жеріңізге деген махаббатыңыз қандай? Сіз өміріңізде ешбір дәрігерге көрінбей, дәрі ішпеген адам екенсіз. Бұның себебі бар ма, әлде бір құпиясы бар ма?

Үлкен Отанға, ұлтқа деген махаббат сөз жоқ өзіңнің кіші Отаныңнан басталады. Өзің өскен, өзің көз қанықтырған, өзіңді қалыптастырған ортадан басталады. Менің туған жерге деген махаббатымды ештеңемен салыстыруға болмайды. Туған жерімді өте жақсы көремін, сағынамын. Мен сіздерге имандай шынымды айтайын, адамнан бұрын туған жерімді сағынамын. Сол жердегі тауларды көрмесем, бұлақтардың суын ішпесем,сол жерде жүрген аңдарды көрмесем, мен ауырамын. Ностальгия деген ауру бар ғой. Жерді көрмесе, жазылмайды. Мен сондай дертті боламын. Туған жерге деген махаббатым сондай. Биыл – мен туған Жаңаарқа ауданының 80 жылдығы. Бұл – өте даңқты аудандарымыздың бірі. Бұл – Сәкен Сейфуллиннің кіндік қаны тамған жер, әйгілі Ықылас Дүкенұлының кіндік қаны тамған жер. Ықылас Дүкенұлы туған нағашым болады. Бұл – әйгілі Дайрабай күйші туған жер. Бұл – біздің Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеуханов сияқты бұлбұл әншілерімізді берген өңір. Серік Қирабаев секілді академиктерді берген өңір. Сондықтан, мен туған жерімді жақсы көрем, оның жетістігін мақтан етем.

Ал, денсаулыққа келетін болсақ, экологиялық таза ортада өскенімдігімнен болар, дәрігер қызметіне жүгіне қоймадым. Мен 7-8 оқығанша нан жеген жоқпын, орнына бізде қызыл ірімшік болды. Шай ішкен жоқпын, шайдың орнына айран, қатық, шалап, қол жетіп жатса қымыз бен шұбат іштік. Денімнің саулығына, салтымның салауаттылығына себеп осы болар деп ойлаймын.

Студент:

Белгілі түрколог Лев Гумилевпен шығармашылық байланыста, рухани сыйластықта болғаныңыз туралы естиміз. Ең алғаш рет Л.Гумилевпен қалай танысқан едіңіз?

Мен 1976 жылы республикамыздың бас газеті «Социалистік Қазақстан», қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің әдебиет-өнер бөліміне меңгеруші болып келдім Қарағандыдан. Осылайша, үлкен әдеби өмірге кірістік.

Менің тарих тақырыбына жазылған зерттеу еңбектерім мен ғылыми шығармаларым туралы «Литературная газетаға» Ирман Мамаладзе дейтіннің сын мақаласы шықты. Кейін Москваға барған сапарымда Ирман Мамаладзеге телефон соғып едім, телефонды оның күйеуі Айдар Құрықшы деген жігіт көтерді. Күйеуі қырым татары екен. Менің Қазақстаннан екенімді біліп, бірден ноғайша сөйледі. Мені үйіне шақырды. Содан Айдар Құрықшының үйінде сөзден сөз шығып, бұл жігіттің Лев Гумилевтің ең жақын шәкірті екенін білдім. Кейін жақсы сыйласып, шығармашылық байланыста болдық. Лев Николаевич қайтыс болған соң, Айдар Құрықшы ұстазының бүкіл қолжазбасының ішінен іріктеп, сұрыптап, өзінің он жылдай өмірін құрбан етіп, Гумилевтің 13 томын жарыққа шығарды.

Сол күні Айдарға Лев Гумилевпен таныстыр деп қолқа салдым. Қарсы болмады. Ертеңінде сол үйге қонаққа шақырды. Орыстардың атасының асы борщ қой, бізге борщ жасап қойған екен. Борщынан іштік, әңгіме тиегін ағыттық. Міне, сол күннен бастап Лев Николаевичпен етене танысып, еркін араласып кеттік. Кейін оның еңбектерін аударып, қазақ тілінде шыққан нұсқасын алып бардым. Ерекше толқып, көзіне жас алды. «Мен түркі жұртынан, түркі халықтарынан осы қадамды күткеніме 20-30 жыл болды», – деді. Шынымен де, Түркі халықтарына өмірін арнап жазады, зерттейді. Бірақ, бірде-біреуі аудармайды. Соны ақсақал көңіліне алады екен ғой. Аудармамды апарғанда қатты қуанды.

Содан кейін біздің қарым-қатынасымыз жиілей түсті. Ол кісімен Совет заманында хат жазысып тұрдым. Түрмені көп көрген адам. «Қағазбен хат жазба. Қудаланар бослаң, хат деген – айғақ», – дейтін. «Магнитофонға даусыңды жаз да, сенімді адамнан беріп жібер. Мен де солай істеймін», – дейді. Осыған келісіп, екеуміз көпке дейін солай хабарласып жүрдік. Менің үйімде Лев Николавич Гумилевтің 40-қа тарта даусы жазылған хат болды. Өкінішке орай, Желтоқсан көтерілісі кезінде менің үйіме тінту жүргізіледі деген хабарды естіп, ол кісінің даусы жазылған көп кассеталарды өзенге лақтырдым. Бір шүкір етер нәрсе Бекболат Тілеухановтың әні жазылған кассетада ол кісінің бір екі хаты сақталып қалыпты. Кейін ол кісі о дүниелік болды. Ұлы тұлғамен таныстығым осылай басталып, осылай түйінделген еді.

Бейнежазба әңгіменің осы тұсында тұйықталады. Ақаңның нәрлі басталған әңгімесі мұңдылау жерінде шорт үзілді. Тура өз ғұмыры секілді. Басы – бар, аяғы – жоқ. Ақселеу ағаның да өмірі шарықтау шегіне жеткенде шорт үзіліп, аяқталмай қалған дәуірнама еді ғой, шіркін. «Еркіңе бағынбас – Асау арман-ай…»

Әзірлеген

Ерсін МҰСАБЕК.

Ертең сағат 18.00-де «Хабар» арнасында Ақселеу СЕЙДІМБЕКТІҢ тағдыры мен шығармашылығынан сыр шертетін «Өмір жолы» бағдарламасы көрсетіледі.

Жіберіп алмаңыз!

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button