Гуманитарлық жүк артқан көліктер Шет ауданына жолға шықты
Бүгін Елордадағы «Достық» үйінің ғимаратында су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек көрсету мақсатында ҚХА республикалық және өңірлік штабтарының бірлескен онлайн отырысы өтті. Отырысқа ҚХА Төрағасының орынбасары-ҚР Президенті әкімшілігінің ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов арнайы қатысты. Сонымен қатар, Парламент Сенатының депутаттары, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, «Ассамблея жастары» ұйымының өкілдері қатысты.
Гуманитарлық көмек жинау мақсатында барлық өңірдегі «Достық» үйлерінің штабы, волонтерлік орталықтар мен гуманитарлық көмек қабылдау пунктері мұрындық болған. Нәтижесінде 30 млн. теңгеден астам қаржы жинаалып, тиісті дүниелер алынған.
– Жер-көкті су басып жатқанда біз де бей-жай қарап отыра алмадық. ҚХА жанынан республикалық штаб құрылды. Республика бойынша 34 «Достық» үйі бар. Бәрі де көмек қолын созуда. Барлығы да қолдан келгенше көмектеспек ниетте. Кеше әр өңірден екі жүк көлік толы көмек келіп жетті. Мұнда киім-кешек, азық-түлік, матрасс және тағы да басқа дүниелер бар. Енді Шет ауданына жолға шығамыз, – деді ҚХА төрағасының орынбасары Ақмаржан Исмаил.
Сонымен қатар, зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсету мақсатында ҚХА-ның «Жүректен жүрекке» арнайы жобасы іске қосылды.
Қазіргі таңда гуманитарлық жүктерді жөнелту жұмыстары жүріп жатыр. Бүгін Қарағанды және Ақммола облыстарына көмек жіберілмек.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz