АймақБас тақырып

Теміртауда грек мәдени орталығының мерейтойы аталып өтті

Бүгін Теміртау қаласының Мәдениет сарайында “Понтос” грек этномәдени орталығының 30 жылдық мерейтойы атап өтілді.

Суреттер автордан

    Ол 1995 жылы елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаннан кейін ұйымдасқан алғашқы этномәдени орталықтардың бірі болып табылады. Осы жылдар ішінде оның маңына құрылысшылар қаласын мекендейтін грек ұлтының өкілдері топтасып, өздерінің ана тілін үйреніп, өнер ұжымдарын құрып, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін кеңінен дамытуға мүмкіндік алған.

    Осы “Понтос” этномәдени орталығын мерейтойымен Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов пен қалалық мәслихаттың төрағасы  Алексей Ломакин, Қазақстан гректері қауымдастығының төрағасы Иван Георгиади, “Понтостың” төрағасы Деспин Касапиди құттықтап, гректердің де бірлігі мен ынтымағы жарасқан Қазақстан халқының бөлінбес бір бөлшегіне айналып, оның дамып, өркендеуіне өз үлестерін қосуда екенін атап өтті.

   Одан әрі мерекенің концерттік бағдарламасында аталған мәдени орталықтың “Аникси” ән-би ансамблі мен теміртаулық “Гюзель”, “Вдохновение” би ансамбльдері ғана емес, осы айтулы күнге Алматы облысынан арнайы келген “Элевтерия” ансамблінің бишілері мен павлодарлық “Анагэнисси” би ансамблі мен “Нэос” вокал тобының әншілері де өнер көрсетті. Сондай-ақ мерейтойлық концерттің жақсы өтуіне облысымыздағы немістердің “Видергебурт”, поляктардың “Полония”, чешен-ингуштердің “Вайнах” этномәдени бірлестіктерінің өнерпаздары да белсене атсалысты. Концерттің басым бөлігінде грек әндері шырқалып, олардың ұлттық билері биленді.

  Осылайша екі сағатқа созылған көңілді кеш Теміртау қаласы Мәдениет сарайының әншілері орындаған “Қазақстаным” әнімен аяқталды.

Ержан Имаш,

ТЕМІРТАУ

Басқа материалдар

Back to top button