Грант кімге бұйырады?
Кәсіпкерлер палатасында осы жылға арналған бизнес субъектілері мен жастарға бағытталған гранттық қолдау шараларының кешені таныстырылды. Таныстырылым аясында мемлекеттік органдар мен даму институттарының өкілдері кәсіпкерлер қауымдастығына қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалардың негізгі бағыттары, гранттық қаржыландыруға қол жеткізу талаптары, іріктеу шарттары мен өтінімдерді қабылдау мерзімдері және рәсімдері бойынша жан-жақты түсіндірді. Мақсаты – кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, жастардың бизнеске белсенді қатысуын арттыру.

Іс-шара офлайн форматта, әрі Zoom платформасы арқылы онлайн режимде қатар өтті. Оған кәсіпкерлер қауымдастығы мен салалық ведомстволардың өкілдерін қоса алғанда, жүзден астам қатысушы қатысты. Келелі кездесуді Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Меруерт Касимова тізгіндеді. Ол аталған семинардың жыл бойына жоспарланған, шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың әртүрлі бағыттарына арналған түсіндіру іс-шараларының алғашқысы екенін атап өтіп, мұндай іскерлік жүздесулер кәсіпкерлердің ақпараттану деңгейін арттыру мен мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануға игі ықпал ететінін жеткізді.
– Біздің мақсатымыз – бизнес пен мемлекет арасындағы тікелей әрі ашық байланысты қамтамасыз ету. Әрбір кәсіпкер, бастаушыдан бастап, әлеуметтік бағыттағы кәсіпкерге дейін, өз мүмкіндіктерін және қаржылық қолдау алу алгоритмін нақты түсінуі тиіс, – деді Меруерт Касимова.
Бастапқы баяндамалар легі жастар бастамаларын қолдауға арналды. Қарағанды облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бас маманы Ақжол Орысбаев жастарға бағытталған гранттық бағдарламаларға өтінімдерді қабылдау 2026 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
– Біз 14 пен 35 жас аралығындағы жастарға ғылым, мәдениет, IT, бизнес, медиа және волонтерлік бағыттар бойынша жобаларды жүзеге асыру үшін 2 миллион теңге көлемінде гранттар ұсынамыз. 2025 жылы 264 өтінімнің ішінен 25 жобаға қолдау көрсеттік. Байқау талаптары күрделі болғандықтан, жобалық құжаттаманы сапалы дайындау өте маңызды, – деді спикер.
Мәлімдеуші кәмелетке толмағандардың қатысу мүмкіндігіне де ерекше назар аударды. Айтуынша, кәсіпкерлік қызметті тікелей көздемейтін бағыттар бойынша жеке кәсіпкер ретінде тіркелу талабы қойылмайды. Бұл норма 14 жастан бастап, мектеп оқушылары мен студенттердің гранттық байқауларға қатысуына құқықтық мүмкіндік береді. Бұдан кейін кәсіпкерлерге әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтарға арналған мемлекеттік қайтарымсыз гранттарды алу тәртібі мен негізгі талаптары жан-жақты түсіндірілді. Қарағанды облысының Еңбек мобильділігі орталығының оқыту және кәсіпкерлік бастамалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әділбек Нұрмұханбет 2026 жылы аталған гранттардың көлемі 1,7 миллион теңгеге дейін ұлғайтылатынын атап өтті.

– Қаражатты жабдық сатып алуға, шикізат алуға, сондай-ақ, бизнес ашу немесе дамыту үшін үй-жайды жалға алу ақысын төлеуге пайдалануға болады. Бұл ретте грантты тұрмыстық қажеттіліктерге немесе қолданыстағы несиелерді өтеуге жұмсауға болмайды. Барлық процесс тіркеуден бастап, бизнес-жоспарды тапсыруға дейін business.enbek.kz порталы арқылы жүзеге асырылады, – деп түсіндірді орталық өкілі.
Семинар барысында әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған гранттық бағдарламаға да айрықша назар аударылды. Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының шағын және орта бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Индира Бейсекова 2026 жылы әлеуметтік кәсіпкерлер үшін әрқайсысының мөлшері 5 миллион теңгеге дейін жететін 26 грант беру жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
– Бұл гранттар әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне енгізілген субъектілерге, сондай-ақ, «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистеріне арналған. Міндетті шарттар – жобаны кемінде 20 пайыз көлемінде тең қаржыландыру және жаңа жұмыс орындарын құру. Байқауға қатысу үшін кәсіпкерлер өздерінің әлеуметтік мәртебесін алдын ала растауы қажет, – деді Индира Бейсекова.
Сонымен қатар, семинар барысында «Ортау» креативті орталығының өкілі Жәнібек Қусаинов орталық мамандары гранттық мүмкіндіктер туралы ақпаратты жүйелейтін, өтінім беру үдерісін жеңілдетуге бағытталған арнайы портал әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлады.
– Біз грант алғысы келетін азаматтарға көмектесеміз: қорларға бағыттаймыз, құжаттарды рәсімдеу бойынша кеңес береміз. Қазіргі таңда ortau.kz сайты әзірленіп жатыр, онда жергілікті және республикалық деңгейдегі барлық гранттар туралы ақпарат жинақталады, – деді Жәнібек Қусаинов.
Семинардың жеке бір бөлімі IT-стартаптарды қолдауға арналды. Terricon Valley экожүйесінің басқарушы серіктесі Диана Салехова технологиялық жобаларға ұсынылатын қолдау тетіктері мен даму мүмкіндіктерін таныстыра отырып, гранттық қаржыландыру бизнестің жалғыз қаржылық тірегіне айналмауы, керісінше жобаның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін қосымша құрал ретінде қарастырылуы қажет екенін атап өтті.
– Грант – бұл старт үшін жақсы құрал, бірақ бүкіл бизнес-модельді тек соған негіздеуге болмайды. Бұл – қолдау, мақсат емес. Бүгінде Қазақстанда венчурлық инвестициялар нарығы белсенді дамып келеді, ал, біздің міндетіміз – әлеуетті жобаларды инвестор тарту деңгейіне дейін жеткізу, – деді ол.
Пікір алмасу барысында кәсіпкерлер өздерін қызықтырған практикалық мәселелер бойынша нақты әрі мазмұнды жауаптар алды. Атап айтқанда, қатысушылар тарапынан 5 миллион теңге көлеміндегі грант қаражаты есебінен франшиза сатып алу мүмкіндігіне қатысты сұрақ көтеріліп, оған тиісті түсіндірме де берілді.
– Мұндай мүмкіндік ережелерде қарастырылған. Алайда, барлық қызмет, жұмыс орындарын құру және экономикалық тиімділік біздің өңір аумағында жүзеге асырылуы тиіс, – деп нақтылады Индира Бейсекова залдан қойылған сұраққа жауап бере отырып.
Семинар жекелеген консультациялар сессиясымен қорытындыланды. Қатысушылар тарабы болса, іскерлік жиынының жоғары тәжірибелік мән-маңызын атап өтіп, өтінім қабылдау үдерісі басталғанға дейін өзекті мәселелер бойынша уақытылы әрі кәсіби кеңес алу мүмкіндігін оң бағалады. Сонымен қатар, Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары бойынша түсіндіру кездесулері тұрақты негізде, оның ішінде, апта сайын өткізіліп отыратыны хабарланды. Палата мен аудандық филиалдардың консультанттары кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге, атап айтқанда тиісті мемлекеттік бағдарламаны таңдаудан бастап, өтінімді дайындау және оны белгіленген тәртіппен тапсыруға дейінгі барлық кезеңдерде жан-жақты сүйемелдеу жүргізуге дайын екендігі ескерілді.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»


