Global City сауда орталығында мерекелік концерт өтті
Өңірде Наурыз мерекесі ауқымды түрде тойлануда. Осы мақсатта Қарағандыдағы Global City сауда орталығында Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестіктігінің «Мерей» ансамблі қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлады.
Сауда орталығына келушілердің санында шек жоқ. Концерт басталған уақытта өнерпаздардың өнерін тамашалауға жиналды.
Ансамбль ұжымы шара шымылдығын әнші Ербол Алшынбаевтың «Сүйінші» әнімен ашты. «Мәдениет саласының үздігі» Гүлмира Серікқызы мейрамның гимны болып кеткен «Наурыз» әнін, Қуат Дүйсенов «Қазақ дәстүрлері» әнін орындады.
Сонымен қатар, Кристина Ракша, Медеу Шырманов, Әсел Қарабаева сынды ансамбль әншілері әннен шашу шашты.
Қала тұрғыны Күләш Таужановна сауда орталығына отбасымен келіпті. Мерекеге орай ұйымдастырылған шараға көрермен ретінде қатысып, ансамбль мүшелерінің өнерін тамашалады.
– Баршаңызды Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Наурыз мейрамының 10 күндігін атап өту мақсатында ұйымдастырылған шаралардың қатары көп екен. Үлкен сауда орталығында белді әншілеріміз көпшілікке әннен шашу шашып жатыр. Сауда орталығына жиналған жұрт осы маңайға жиылды. Көңіл күйіміз бір көтеріліп қалды, – деп көңіл күйімен бөлісті.
Әйгілі жаяу Мұсаның «Ақ сиса» шығармасын Людмила Пропишян аса шеберлікпен скрипка аспабында ойнап берді. Ансамбль мүшесі Сергей Стефанович та саксафон аспабымен көңілді ән орындады. «Мерей» триосы да «Отырардағы той» әнін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz