GGG-дің алғашқы бапкері
Аты аңызға айналған боксшы Геннадий Головкиннің тәлімгері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Виктор Дмитриев мерейлі – 70 жаста. Осыған орай дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан даңқты бапкерге зор құрмет-қошемет көрсетілді. Сондай-ақ, дәл осы мерейлі сәтте Қарағанды облысының қоян-қолтық ұрыс федерациясы әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.
− 70 жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар. Жаттықтырушы ретінде айтарым баршылық. Осы аралықта көптеген шәкірт тәрбиеледім. Арасында чемпионы да, чемпион емесі де бар. «Ұстаздан шәкірт озар» деген рас сөз. Міне, шәкіртім, тәлімгерінен асып, әлем танитын ең мықты боксшыға айналды. Бұған қуанышымда шек жоқ. Менің 70 жасымды елеп-ескергендеріңізге шын жүректен алғыс айтамын.
Қарағандыда дарынды боксшылар дүниеге келді. Жыл өткен сайын Қарағанды аймағында спортшылар мен боксшылардың қатары толығып келеді. Бұл − зор жетістік, − деді Виктор Константинович.
Виктор Дмитриев 1953 жылы 26 шілдеде Қарағанды қаласында дүниеге келген. Әскерде қызмет етіп, Костенко атындағы шахтада жұмыс істеді. Тау-кен техникумында мамандық алып, содан кейін педагогикалық институттың «Дене тәрбиесі» факультетін бітірді. Кейін ПТУ-да оқытушы болып жұмыс істегеннен кейін 1987 жылдан Виктор Константиновичтің жаттықтырушылық қызметі басталды. Әуелі «Еңбек резервтері» қоғамында, одан соң Қарағандының спорт ұйымдарында жалғасты. Бапкер әлі де облыстық олимпиадалық резерв мектебінде балаларды боксқа жаттықтырады. Қазақстан Республикасының 10-нан астам спорт шеберін, 20 спорт шеберіне үміткер тәрбиеледі. Оның шәкірттері республикалық және халықаралық жарыстарда жеңіске жетіп, жүлдегер атанды. Әйтсе де, Виктор Константинович еңбегінің керемет нәтижесі, әрине, Қазақстанның мақтанышы – Геннадий Головкин.
Бапкер құрметіне арналған салтанатты сәттің мәнін қоянқолтық ұрыстан әлем чемпионатында жеңіске жеткен спортшыларды марапаттау да аша түсті. Астана қаласында өткен чемпионатта Қазақстан құрамасы жеңіске жеткен болатын. Жекпе-жекшілер 21 алтын, 19 күміс және 21 қола медальды жеңіп алды. Чемпионатқа 32 елден 312 спортшы қатысты. Сонда Қазақстан жалпы медальдық есепте бірінші орын тұғырынан көрінді.
Бұған қарағандылық спортшылардың да қосқан үлесі қомақты. Атап айтсақ, Сора Рахмонова мен Эмилия Ларионова алтын медальді иеленді. Ал, Жандос Мадехиянов пен Сағыныш Асылбекова күміс жүлдегер атанды.
Қарағанды облысының қоян-қолтық ұрыс федерациясының президенті Данияр Халилин чемпиондарға – 500 мың теңге, жүлдегерлерге – 300 мың және жаттықтырушыларға 100 мың теңге мен Алғыс хат табыстап, жеңісті күндердің көп болуын тіледі.
Қарақат ҚҰРМАШЕВА,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің II курс студенті