Жаңалықтар

GeoJet жерасты дрондары сынақтан өтті

Қарағанды облысында жоғары технологиялы, жерасты кеңістігін барлауға бағытталған дрондар жасалып жатыр. Бұл аппараттар шахталарда, құлаған ғимараттарда, сондай-ақ тар әрі адам үшін қауіпті аймақтарда жұмыс істеуге мүмкіндік береді деп хабарлайды Ortalyq.kz облыс әкімдігі сайтына сілтеме жасап.

Суреттер облыс әкімдігі сайтынан

«GeoJet» деп аталған дрондар сериясы өлшемі, құрылымы мен мүмкіндіктері әртүрлі бірнеше модельден тұрады. Ең ықшам моделі – диаметрі тек 23 сантиметр болатын «GeoJet Sphere». Сфера пішінді бұл аппарат адам жүгіруі қиын және күрделі кеңістіктерге – мысалы, тар шахталар мен іркіліп қалған тоннельдерге – арналған. Ал ірі үлгілер ұзын тоннельдерде, карьерлерде және әртүрлі тереңдіктердегі тау-кен қазбаларында ұшу үшін бейімделген.

Бұл дрондар 8K форматындағы ультра-жоғары кеңейтілімді камералармен жабдықталған және 360° панорамалық түсірілім жүргізе алады. Жер асты кеңістігін толық үш өлшемді картаға түсіру үшін LiDAR лазерлік сканерлеу жүйесі пайдаланылады. Ал алынған деректерді беру мен өңдеу – оптикалық-талшықты байланыс арналары арқылы жылдам әрі дәл жүзеге асады.

– Біздің дрондар көмегімен қазбаларды зерттеп, визуалды тексеріс жүргізуге болады. Ішкі сканерлер қабырғалардың ішінде жалаң көзге көрінбейтін жасырын қуыстарды анықтайды. Құлаулардың көпшілігі осындай ақаулардан болады. Олар алдын-ала табылса, ықтимал трагедиялардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деді компанияның бас инженері Сергей Муравьёв.

Жобаға қатысып жатқан дрондар Қарағанды облысындағы жұмыс істеп тұрған темір кені шахтасында сынақтан өтті. Тестілеу кезінде аппараттар визуалды бақылау, фототүсірілім және жерасты қуыстарын сканерлеу міндеттерін толық орындады.

– Шектеулі кеңістікте ұшу – аса күрделі үдеріс. Мұнда турбуленттік ауа ағындары, GPS-сигналдың болмауы және шолудың шектеулігі қиындық туғызады. Соған қарамастан, біздің дрондар жерасты жағдайында жоғары тиімділігін көрсетті. Басқару жартылай автоматты режимде жүргізіледі, ал жасанды интеллект жүйесі датчиктерден келетін ақпаратты талдап, ұшуды нақты уақытта тұрақтандырады, – деді жобаны басқарушы Виталий Пучков.


Кейбір компоненттер – мысалы, көміртекті рамалар – Қарағандыда өндірілуде: модельге қарай жергілікті жерде басылып шығарылады немесе шетелден әкелініп, кейін өңделеді. Ал қозғалтқыштар, LiDAR жүйесі және процессорлар – шетелдік өндірушілерден жеткізіледі. Жоба бойынша сынақтар, бағдарламалау, құрастыру және толық баптау жұмыстары өңірде жүргізілуде.

Қазір әзірлеушілер GeoJet дрондар сериясын нарыққа шығаруға дайындалып жатыр.

Жамал АКПАРОВА

Басқа материалдар

Back to top button