Бүгін Қарағанды облысына Олимпиада чемпионы, халықаралық спорт шебері, Қазақстанның бокс бойынша еңбек сіңірген спорт шебері Серік Сәпиев пен әлемнің төрт дүркін чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Илья Ильин бастаған Gentlemen’s club мүшелері келді.
Клуб мүшелерінің облысқа екі күнге жоспарланған сапары ең алдымен облыстық әкімдік ғимаратында облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайынның қатысуымен өткен кездесуден басталды.
— Қасиетті, қойнауы қазынаға толы Қарағандыға қош келдіңіздер! Биыл өздеріңізге белгілі, Қарағандыға 90 жыл. Бұл – біз үшін ерекше мерейлі мерейтой. Біз Қарағандыдан шыққан әрбір тұлғамен мақтанамыз. Солардың бірі және бірегейі – Серік Сәпиев, – деді Ерлан Бейсембайұлы.
Сондай-ақ клубтың негізін қалаушы Асқар Арстанұлына облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың Алғыс хатын табыс етті.
Gentlemen’s club 2013 жылы құрылған. Негізін құраушы – Асқар Ғазалиев. Клубтың жалпы мақсаты – көпбалалы отбасыларды, жалғызбасты аналар мен үйге шын мұқтаж жандарды баспаналы ету.
— Қарағанды облысына, зор қолдауларыңызға алғыс білдіремін. Аймақтың қарқынды дами беруіне тілектеспін,- деді Асқар Ғазалиев.
Бүгінде аймаққа келудегі негізгі мақсат – Серік Сапиевтің мұрындық болуымен туған жеріндегі үйге мұқтаж жандарды баспаналы ету.
— Біздің іссапарымызды қолдағандарыңызға мың алғыс. Клуб жұмысы бұдан әрі де жалғасын табады, – деді Серік Жұманғалиұлы.
Клубта 500-ден астам адам бар. Мұқтаж жандарға баспана сатып алуға ақшаны клуб мүшелері өз қаражаттары есебінен береді. Қарағандыға клубтың 20 мүшесі келді.
— Мені бұл клубқа шақыруды бірден қабыл алдым. Игі іс жасау, қоғамға пайдамды тигізу – бұл менің өмірлік ұстанымым. Клуб бұқараға пайдалы болса деген тілектестік бар. Ал Қарағанды облысына аймақ атын шығаратын мықты чемпиондардың көптеп шығуын тілеймін, – деді Илья Ильин.
Клуб осы күнге дейін 20 отбасыға үй тарту еткен екен. Бүгін Қарағанды облысындағы 4 отбасына баспана бұйырады. Сапар әрі қарай Абай және Бұқар жырау аудандарында жалғасатын болады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz