Гена – үздік бестікте
Сом жүректі, темір жұдырықты Геннадий ГОЛОВКИН кәсіпқой бокста орта салмақ бойынша ешқашан жеңіліс таппаған бес үздік боксшылар қатарына енді. Бұл жөнінде британиялық «BoxNation» телеарнасы мәлімдеме жасады.
Алаш баласының абыройын аспандатқан орта салмақта «WBA» (Super), «IBO», «WBC» және «IBF» тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин телеарнаның сайтында жарияланған видеода сегіз боксшының ішінде төртінші орында төбе көрсеткен. Әлі бірде-бір қарсыласына есе жібермеген еліміздің былғары қолғап шебері 36 жекпе-жектің бәрінде жеңіс тұғырына көтеріліп, оның 33-ін мерзімінен бұрын аяқтаған. Сонымен қатар, ол орта салмақтағы ең үздік нокаутшы болып көш бастаған.
Айтпақшы, аталмыш сайтта Геннадий Головкинді бір жеңсе мексикалық Сауль «Канело» Альварес жеңеді деп топшылаған. Оны уақыт көрсетеді. Ал, әзірге «BoxNation» рейтингісіне көз жүгіртейік.
Бірінші – никарагуалық Роман Гонсалес (46-0), екінші – таиландтық Ваенхонг Менайотин (45-0), үшінші – америкалық Деонтей Уайлдер (38-0), төртінші – қазақстандық Геннадий Головкин (36-0), бесінші – америкалық Майки Гарсия (36-0), алтыншы – мексикалық Хильберто Рамирес (34-0), жетінші – америкалық Дэнни Гарсия (33-0), сегізінші – британиялық Терри Флэнаган (32-0) тұр.
Айта кетейік, екі былғары қолғап шебері Головкин мен Джейкобстың жұдырқтасар сәті таяп келеді. 18 наурызда Нью-Йорктегі «Madison Square Garden» аренасында өтетін жекпе-жектен қапы қалмаңыздар.
Нұрдос КӘРІМ