Жағымды жаңалық

Гемодиализ орталығы ашылды

Қарқаралы ауданында алғаш рет гемодиализ орталығы ашылды. Енді созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан науқастар жол азабын тартып, өзге қалаларға сабылмай, жақын маңнан тегін ем ала алады.

Жеке инвестор «Нефрос Азия» ЖШС-нің қаржысына ашылған гемодиализ орталығы бүйрек жұмысын жақсартуға және вирусты гепатитке шалдыққандарға көмек көрсетеді. Бір мезетте 5 адамды қабылдап, күніне 10 адамға ем жасай алады. Бүгінгі уақытта ауданда орталық жұмысына тәуелді 5 адам есепте тұр. Әдетте, науқастарға гемодиализ қабылдау үшін аптасына үш рет ем алу қажет. Әр процедура 3-4 сағатқа дейін созылады.

– Жолдасым 2013 жылдан бастап ауыра бастады. 2020 жылдың шілде айынан гемодиализге жатты. Әрине, ауру болғаннан кейін жеңілі жоқ. Ауданда болмағаннан кейін, Қарағанды қаласынан барып ем алып жүрді. Екі ортаға қатынауда оңай болмады. Шешімін табу үшін 15 жылға ипотека рәсімдеп, пәтер алдық. Қарқаралыдан бұндай орталықтың ашылуы осы бір емге зәру жандар үшін үлкен қуаныш, – дейді қала тұрғыны Қаламқас Төлеуханова.

Диализ залы толықтай ең озық медициналық қондырғылармен жабдықталған.

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button