Әдебиет

ҮГЕДЕЙ

Хикаяттан үзінді

Осы тұста ақсақал кенет біраз бөгеліп барып сыбырға көше қалады: 
– Мұның бәрін неге айтып отырмын, бала? Қалай ойлайсың, ә?!
– Білмедім. Есте сақтай жүрсін, біле жүрсін дейтін шығарсыз…
– Жо-оқ, бұлардың бәрі жиналып бір Қанышқа тати ма, жарқыным-ау?! Және бұлардың бәріне де сол қазақтың шапағаты тиген!..
– Е-е, жөн екен онда!..
– Әне! Солай, достым! Енді көпшілік біле қоймайтын қазақтың тағы
бір ғажайып геологы туралы айтып берсем, тыңдауға уақытың бар ма?
– Бар, бар, аға! Айта берсеңізші!
– Қазақтың Үгедей деген керемет тау-кен инженері өткен. Міне, жас ұрпақтың соны біле қоймайтыны қынжылтады. Қарап отырсаңыз, меніңше, нағыз «ақтаңдақтың» бірі сол. Үгедей Бөкейханов. Кәдімгі Әлихан Бөкейхановтың ұлы. Қаныш Сәтбаев геологияның Батыс-Сібір мектебінен шыққан болса, бұл Мәскеу Тау-кен академиясын бітіріп келген. Со кезде мұндай мамандарды мүмкіндігінше Қарсақпайға жіберіп отырған секілді… Жолдамамен… Өзі Омдыда туған екен. Жезқазғанға 1930-шы жылы келген. Сәтбаевпен бірге істейді. 1935-ші жылға дейін. Айтуға ғана оңай. Әйтпесе бес жылда оның да Қарсақпай мысын өндіруге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз! Дәл сол отыз бесінші жылы СССР Ғылым Академиясының баспасы Орталық Қазақстанның Жезқазған-Ұлытау ауданындағы табиғи ресурстарды комплексті оқып-үйреніп, игеру проблемаларына арналған «Большой Джезказган» деп аталатын материалдар жинағы жарық көреді. Үлкен кітап. Мұны Ленинград пен Мәскеу бірігіп шығарған… Содан көрдім, Үгедейдің… Документтегі аты бойынша Сергей Бөкейхановтың мақаласын… Сен де реті келгенде тауып алып оқы, осы Алматыдағы Институт Геологияда болуға тиісті… Сізге айтайын, мақаланың деңгейі, қарап отырсам, салмақтылығы жағынан сондағы Сәтбаев мақалаларынан бір де кем емес! Кейін сол Үгедей Ресейге кетіп қалады. Кейбір адамдардың айтуына сенсең, орысша өскен адам коллективпен тіл табыса алмады… Мінезі тік еді. Төре тұқымы екенін көрсете берді. Қаймана қазақты менсінбеді… Ақыры кетіп тынды дегенді айтады. Өз басым оған сенбеймін. Керемет сауатты маман. Аталған мақаласын оқып отырғанда-ақ істі өте терең білетін дарынды кісі екенін байқап тамсанасыз. Ал мінез кімде жоқ!.. Сондай адамға ымырашылдық жасап, қабілетін бағалай білу қажет пе еді деп қиялданамын. Бұлай дейтін себептерім де бар… Осыған қатысты кейбір құжаттармен танысып қалған едім. Сонда тұр. Иә… Сергей орысша аты… Шешесі орыс қой. Қарындасы Елизаветаны Смағұл Сәдуақасов алған… Бөкейхановтың қызын айтам… О да өте байсалды, білімді ханым екен. Әйтеуір, тегін адамдар емес. Үгедейдің басшылар тарапынан қолдау таппағаны байқалады. Тағдыры күрделі. Кейін Блявада… Орал жақта қайтыс болыпты бейшара. Міне, осы кісіні түбегейлі зерттесе деп те құлшынамын…
Нияз Молдан ақсақалдың осы сөзінен кейін дереу Үгедей Бөкейхановтың мақаласын іздеген. Тапты. Бірақ көп әуреленіп зорға тапқан. «Структурные и рудные районы Джезказгана» деп аталатын отыз тоғыз беттік мақала екен. Қарсақпай, Ұлытау қойнауында ұшырасатын қазба байлықтарының қай қабатта, қанша тереңдікте жатқаны және нендей көлемді алатынын тәптіштеп зерттеп… Зерттеу қорытындысын мұқият түсіндіріп, сызба-нұсқасымен әдемілеп көрсетіп беріпті. Талай буын ұрпаққа азық болатын қазынаны нұсқаған…
Есептеп көрсе, Үгедей бұл еңбекті отыз жасқа да ілікпеген кезде жазған екен. Жас геологтың алғырлығы мен табандылығы, біліктілігі қызықтырмай қоймайды.
Кешкісін келе салысымен тапқан олжасы туралы Молдан ағасына хабарлаған. Молдекең «Молодец! Жарайсың! Ондай керекті нәрселермен таныс болып жүргенің дұрыс. Журналист адамға бәрі керек. Дәл бүгін болмаса да күні ертең-ақ жемісін жейсің осының бәрінің» деп тоқтады. 

Құлтөлеу Мұқаш

Басқа материалдар

Back to top button