Газет – ой азығы
«Saryаrqa Aqparat» медиахолдингінің құрамындағы облыстық қос басылым биылғы жазылу науқанында оқырмандарына зор мүмкіндік ұсынып отыр.
Қазір газетке жазылу оп-оңай. «Kaspi» қосымшасы арқылы жақыныма сыйлық ретінде тарту ете аламын. Отан сүйген, мемлекетшіл адамның үйінде газет болуы тиіс. Ақпарат заманы қандай қарқынды болса да, газеттен ұзауға болмайды. Ойдың көзі ашылса, оқудан ашылады. Оқу – адам жанын нұрландырады, тәрбиелейді. Осы себеп үшін газет оқимын.
Әріптестерімнің еңбегін бағалаймын. Газет мемлекет үшін өте маңызды. Газет бетінде салмақты сараптама жасалып, ілкімді ойлар айтылады. Газет – ой азығы.
Бір кезеңде Алаштың сәулелі ерлері «қазақтың төл басылымы болуы керек» деп еңбек етті. Газеттің жарыққа шығуына бәріміз қолдау көрсету керекпіз деп есептеймін. Әлеуметтік желі бара-бара адамның ойын қысқартатыны белгілі. Бір секунд ішінде мұхиттың келесі жағында не болып жатқанын білуге болады. Әлбетте, бұл – жақсы. Бірақ, сапалы мәтін – санаға керегі.
«Оқу – білім қазығы, Адамның азығы. Оқу – өмірдің сәні, Тіршіліктің шамы» деген Сәкен Сейфуллин.
Олай болса, барша жерлестерімді «Kaspi» қосымшасын пайдаланып, «Қазпошта» бөлімшелерін жағаламай-ақ облыстық басылымдарға жазылуға шақырамын!
Жәнібек САДЫХАНОВ,
облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы,
Қазақстан Журналистер одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры.