Газдандыру: Теміртаудың ауасы тазарады
Теміртаудың қос өкпесі ашылмақ. Өйткені, Qarmet газ дәуірінің есігін қақты. Аттай алпыс бес жыл бойы құрыш қаладағы металлургия алпауыты – Qarmet комбинаты алғаш рет өткеннің ауыр жүгін еңсеріп, болашаққа батыл қадам басты. Газға көшу – Теміртау үшін таза ауаға жол, өндіріс үшін жаңа қарқын. Ал, ел үшін – стратегиялық серпіліс. Жоба – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасынан бастау алған, қаланың тынысын ашуға бағытталған тарихи бетбұрыс.

Өткеннен келешекке
Теміртау – отанымыздың индустриялық жүрек қағысымен біте қайнасқан қала. Табиғи газ – заманауи технология мен экологиялық жауапкершіліктің символы ескірген жүйенің орнын басуға келеді. Кокс-домен қоспасы негізгі жылу көзі болған еді бұрында. Өзі өңдеуді талап ететін, әрі өндіріске көптеген шектеулер әкелетін отын еді. Кокс цехындағы кідіріс домна пештерін, ал, домна пештерінің тоқтауы прокат станоктарының жұмысын тежейтін. Бірақ, бәрінен қиыны экология мәселесі еді. Мазут пен коксты кең көлемде пайдалану атмосфераға үздіксіз зиянды шығарындылар таратты. Қала өндіріс кешеніне тым жақын орналасқандықтан, жағымсыз жағдай тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етті.
Әйткенмен, өзгеріс уақыты келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өндіріс ошағын қысқа мерзімде табиғи газға көшіру және экологиялық жүктемені азайту жөніндегі тапсырмасы өндірістегі кең көлемді жаңғырудың қозғаушы күшіне айналды. Қазірде өндіріс алаңдарында жұмыс қызу. Инженерлер мен жұмысшылар газ құбырларын тартып, заманауи жабдықтарды орнатуда. Мамандардың айтуынша, табиғи газға көшу зауыттың барлық өндірістік тізбегіне тұрақты жылу беруді қамтамасыз етіп қана қоймай, қаланың экологиялық ахуалын түбегейлі жақсартуға мүмкіндік береді.
Бүгінге дейін «Сарыарқа» магистральдық газ құбырына қосу жұмыстары сәтті аяқталды. Жүйріктей жүйткіген уақыт. Qarmet үшін арнайы тартылған жаңа газ желісі тірнекті тіршілік күретамырына айналмақ. Диаметрі 600-ден 500 миллиметрге дейінгі шамамен 27 шақырым болат құбыр енді комбинатты елорда Астанаға бағытталған магистральмен жалғап тұр. Инфрақұрылымның жүрегі – автоматтандырылған газ үлестіру стансасы. Бұдан өткен газ әрі қарай блоктық үлгідегі газ реттеу пунктіне бағытталады. Осы жерден, қан тамырларындай таралып, комбинаттың барлық цехтарына жеткізіледі. Домен, конвертер, прокат болсын, әрқайсысы өз үлесін алады. Тіпті, комбинаттың энергетикалық жүрегі – жылу электр орталығы да жаңа газ жүйесіне қосылмақ. Жабдықтарды монтаждау жұмыстары соңғы кезеңге таяды.
– Кеңестік жылдары басты міндет – жоспарды орындау болатын. Ал, зиянды шығарындылар өндірістің «болмай қоймайтын бөлігі» ретінде қабылданды. Газды сол кездің өзінде-ақ армандадық. Газ әрі таза, әрі технологиялық тұрғыдан тиімді. Бұл домна үдерісіне де, қалаға да көмектеседі, – дейді металлургиялық комбинаттың құрметті ардагері Анатолий Онищенко.
Газ домна пештерінде, әктас пен доломитті күйдіру үдерісінде, сондай-ақ, ЖЭО қазандықтарында мазуттың орнын басады. Сонымен бірге, ол илемдеу цехының методикалық пештеріне енгізіліп, слябтардың бірқалыпты қызуын және өнім сапасының артуын қамтамасыз етеді. Qarmet компаниясы болат департаментінің директоры Андрей Бергтің айтуынша, бұл – коксты едәуір үнемдеуге, өндірістік үдерістің сенімділігі мен икемділігін арттыруға тың мүмкіндік.
– Жоба – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру. Табиғи газ толыққанды металлургиялық циклдің ажырамас бөлігі болуы тиіс. Әлбетте, оңай емес, бірақ, бізде оны сәтті енгізуге жеткілікті тәжірибе мен кәсіби әлеует бар, – деді спикер.
Технология мен экология одағы
Алғашқы кезең – әрқашанда күрделі. Биыл жоспарға сай, ең ауқымды жұмыстар басталды. Зауыттың жүрегі саналатын жылу-электр орталығы трансформацияға даярлық үстінде. Домен цехы да осы қатарда. Негізгі нысандарды табиғи газға көшіру – бірінші де, ең маңызды қадам. Инженер қырағылығымен қиюласар бес жылдық жоспар, кезең-кезеңімен жаңа өзгерістерді уәде етеді. Осы бес жыл ішінде шығарындылардың жалпы көлемін 27 мың тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, көмірқышқыл газдың да көлемі едәуір төмендейді. Қарышты қадам тек қана ұлттық көміртегі квотасының орындалуын қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстандағы өнеркәсіпті декарбонизациялау мен «жасыл» экономиканы дамытуға нақты үлес қосады.
– Газға көшу қаладағы барлық экологиялық мәселелерді бірден шешпейді. Бірақ, Теміртаудағы ауа сапасын және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған негізгі, тарихи қадам болып табылады. Ең маңыздысы, үздіксіз үдеріс жобаның дамуына қажетті серпін беріп, оны жүзеге асыруға мүмкіндік жасаған жаңа команданың көрегендігі арқасында мүмкін болды, – дейді Qarmet компаниясының экология жөніндегі директоры Ринат Сарлыбаев.
Qarmet өндірістік қуаттарын табиғи газбен қамтамасыз ету үшін салынған газ үлестіру стансасында негізгі жұмыстар толық аяқталған. Станса магистральдық құбыр арқылы келетін газды есепке алу, тарату және қысымды төмендету функцияларын атқарады. Ең басты назар қауіпсіздік пен технологиялық бейімдеуге аударылған. Жабдықтар жаңартылып, жаңа газ жанарғыштары орнатылуда, орталықтандырылған басқару жүйесі енгізілуде. Жетелі жүйе газдың қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Газ құбыры теміржол өткелдері, автожолдар және Нұра өзені тәрізді күрделі учаскелерді кесіп өтеді. Сондықтан, техникалық шешімдер күшейтілген: қорғаныс-қақпалы клапандар қойылып, құбырлар коррозияға қарсы бояумен өңделуде. Осылайша, Qarmet комбинатының газ инфрақұрылымы тек тұрақтылық пен тиімділікті ғана емес, қауіпсіздік пен сенімділікті де қамтамасыз етеді.
Qarmet комбинаты үшін тартылған газ құбырына Қазақстанда өндірілген АО «Qarmet Tubular Products Aktau» зауытының құбырлары пайдаланылды. Ұлттық жабдық жеткізушіні таңдаудың арқасында логистикалық мерзімдер айтарлықтай қысқарды және техникалық өзара әрекеттесу жеңілдеді. Жеткізу көлемі шамамен 600 тонна құрады. Құбырлардың ерекшелігі алдын ала оқшаулануы бар. Яғни, олар дайын күйде жеткізіліп, қосымша өңдеуді қажет етпеді.
Жоба озық инженерлік шешімдермен, экологияға қамқорлықпен және қаланың өмір сапасын жақсартуға деген жауапкершілікпен ұштасып тұр.
Толғам
Иә, бес жылдық жоспардың алғашқы қадамы жасалды. Оның әсері айтарлықтай. 27 мың тонна зиянды шығарындылар азаяды. Көмірқышқыл газдың көлемі төмендейді. Теміртаудың тың тынысы металлургиялық өнердің жаңа пәлсафасы. Соны көзқарас «өндіріс әрқашан бірінші» деген ескі қағиданы «өндіріс – алдымен жауапкершілік» деген жаңа ұғымға ойыстырады. Жобаның әрбір элементі – табиғатқа, қоғамға, қаланың өмір сапасына деген қамқорлық үлгісі.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»


