Газдандыру: пайызсыз несие, əлеуметтік көмек
Қарағанды қаласын көгілдір отын көк түтіннен құтқарады. Қыста ыстан əбден əлекке түсетін Қарағандының бұйырса, бірер жылда көзі ашылып, тынысы кеңиді. Қазіргі уақытта біраз көшеге газ жеткен. Ендігісі бұқараға байланысты. Яғни, көшесіне келген газды баспанасына бұрып алу ғана қалып тұр. Жергілікті билік бұл орайда қол қусырып отырған жоқ. Пайызсыз несие мен əлеуметтік көмек те қарастырылғанын мəлімдейді. Ал шамамен бір үйдің 150,2 текше метр аумағын жылыту үшін 770 мың теңге көлемінде қаражат қажет екен.
Халықтың жер үйіне газ тартуы үшін пайызсыз несие беріледі. Бұдан бөлек, əлеуметтің əлжуаз тобындағы қауымға бір реттік əлеуметтік көмек тағы бар. Оны көрсететін – Қарағанды қаласының бюджеті. Құзырлы орындардың айтуынша, Қарағанды төрт кезең арқылы толық газбен қамтылады. Бұл төрт кезеңде 16 қосу кешені бар. 2021 жылдан бері бірінші жəне екінші қосу бекеті толық аяқталыпты. Бірінші бекет арқылы Қарағандының 66 көшесіне газ жетті. Онда 1695 үй бар. Екінші бекетте 55 көше. Мұндағы үй саны – 2471. Жалпы, бүгінде 995 үйде газ бар.
Қала əкімінің орынбасары Қайрат Қамзиннің мəлімдеуінше, бұл үйлердің 1397-сі абоненттік техникалық шарттарды алған. Былтырдан бері үшінші бекетте жұмыс жүріп жатыр. Мұнда 38 көше болса, газ алатын үй – 2852 екен.
– Бірінші пункттегі 66 көшеге газ жеткізетін 55 шақырым, екіншіде 76 шақырым газ құбыры төселді. Өткен жылдан бастап, үшінші пункт бойынша жұмыс жүріп жатыр. Онда 38 көшедегі 2852 үйге газ беретін 68 шақырым салынады. Қарағанды қаласы əкімдігі тарапынан тұрғындардың жекелеген санаттарына үйлерін газдандыруға біржолғы əлеуметтік көмек көрсетіледі. Мұндай əлеуметтік көмек жасы бойынша зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдар жəне мүгедек балалары бар, оларды тəрбиелеп отырған отбасыларға, көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасыларға, басқа мемлекеттер аумағында жауынгерлік əрекеттерге қатысқан ардагерлерге, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, газдандыруға жататын жеке үйлерде тұратын балалардың қамқоршыларына жасалады. Əлеуметтік көмектің мөлшері газ жабдығын жеткізуге жəне орнатуға байланысты нақты шығындарға сүйеніп, анықталады. Бірақ ол 100 АЕК-тен аспайды. Бұл – 345 мың теңге, – деді Қайрат Қамзин.
Былтыр 8 млн. теңгеден астам сомаға 28 отбасына көмектессе, бұл жартыжылдықта 35 отбасы алған. Оған 12 млн. теңгеден астам қаражат жұмсалыпты.
Əлеуметтік көмек алу үшін Қарағанды қаласының жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтініш тастауы тиіс.
Қарағанды облысының тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы – жеке тұрғын үйлерді газға қосу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның операторы. Орталық директоры Данияр Дүйсембаев бағдарлама арқылы биыл 300 үйді қосу жоспарда екенін айтады.
– Қарағанды облысының тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы жеке тұрғын үйлерді газға қосу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның операторы болып табылады. Бағдарлама бойынша биыл 300 үйді қосу жоспарлануда. Оның 200 үйі – Қарағандыда жəне 100 үйі – Теміртауда. Несиелеу 5 жылға дейін, пайызсыз. Бұл арада алгоритм қарапайым. Тұрғын үйдің құқықтық құжаттарын Жаңғырту орталығына тапсыру қажет. Өтініш бергеннен кейін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-дан техникалық шарттар алып, мердігерді таңдап, үшжақты шарт жасалады, – деді Данияр Дүйсембаев.
Техникалық шарттарды алу үшін төрт құжат қажет: жеке куəлік, кадастрлық анықтама, техникалық төлқұжат, жер актісі.
Газдандыру қызметінің басшысы Аманжол Мұхаметтің айтуынша, бір үйдің 150,2 текше метр аумағын жылуға қосу 770 теңге шамасында. Жоғарыда атап өткеніміздей, бүгінде 4166 абоненттің 995-інің үйінде газ. Газдың текше метріне 1 шілдеге бекітілген құны – 38 теңге 99 тиын.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz