Газдан қауіп көп
Қарағанды облысы Энергетика және ТКШ басқармасы бақылау бөлімінің бас маманы Марлен МҰСТАФИН сұйылтылған газ құйылған баллондарды екі қабаттан артық тұрғын үйлерге сақтауға, пайдалануға тыйым салынғандығын және ережесі қатаңдатылғандығын мәлім етті.
– Сұйылтылған газ құйылған баллондарды жертөле үй-жайларында сақтауға тыйым салынады. Ғимараттардан тыс арнайы шкафтарда немесе қосалқы үй-жайларда артық, толтырылған және босаған баллондарды сақтауға рұқсат етіледі. Газ баллонын 1-2 қабатты 4 бөлмеден артық емес үйлерде орнатуға болады. Ал, коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларға жатқызылған ұйымдарда, сондай-ақ, штатында бөлімше басшысы немесе техникалық білімі бар маман лауазымы көзделмеген кәсіпорындарда газбен жабдықтау жүйесін қауіпсіз пайдалануды бақылауды «Қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы» ҚР Заңының талаптарына сәйкес даярлықтан өткен қызметкер жүзеге асырады. Газдан болатын жарылыстар нақ осы көп қабатты тұрғын үйлерде жиілеп кетті,– деді Марлен Мұстафин.
Нұрдос КӘРІМ