Жаңалықтар

Газбен қамтуда іркіліс жоқ

Бүгінгі күнде облыста газ тарату желілерін салу бойынша жұмыстар Қарағанды, Теміртау және Шахтинск қалаларында жалғасуда. Өткен жылы Қарағанды және Теміртау қалаларында үшінші іске қосу кешенінде газ тарату желілерін салу жұмыстары аяқталды. Газ 7 621 үйге барып тұр. Бұл қосылуы тиіс халықтың шамамен 60%-ы. Облыс әкімінің аппарат отырысында белгілі болғандай, «Күнгей» және «Таугүл» шағын аудандарын газдандыру жұмыстары келесі жылы басталады.

Сурет gov.kz

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ұлан Ермеков 5 780 тұрғынмен техникалық келісім жасалғаны айтылды.

– Қарағанды бойынша 4, 5, 6 іске қосу кешені бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Теміртау бойынша ІІ кезектің 1 және 2 іске қосу кешендері және І кезектің 4-ші кешенін іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Шахтинск қаласында автоматты газ тарату станциясы және жоғары қысымды газ құбырының құрылысы аяқталды, Северо-Западный кентінде төмен қысымды газ құбыры мен шығу тораптары салынуда. Биыл газбен қамту жобаларына 14,6 млрд теңге бөлінді. Республикалық бюджеттен – 3,1 млрд теңге, қала бюджеттерінен – 3,5 млрд теңге, сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-нан 8 млрд теңге, – деді.

Оның айтуынша, Ақтау және Мұстафин кенттерін, сондай-ақ, Шет ауданын газдандыру бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған жобалар бар. Оның құрылысы келесі жылы басталмақ.

Отырыста Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов келесі жылы қала орталығындағы бірқатар көшелерге тартылатынын айтты. Атап айтқанда, Космонавт, Пищевая, Гончарная, Кондитерская, Кирпичная, Балқаш, Четская, Рахымов көшелері, сонымен қатар, ескі әуежай ауданындағы К.Шектібаев, Ғ.Құлқыбаев, Х.Қабжанов көшелері газдандырылады.

– Бұл көше тұрғындары көп жылдар бойы пеш жағып келеді. Осы көшелерді газға қоссақ, қала орталығында экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді Мейрам Кожухов.

Сонымен қатар, Кирзавод пен Федоровка аудандарын газдандыру жалғасады.

«Күнгей» және «Таугүл» шағын аудандарында 133 шақырым газбен жабдықтау желілері салынатын болады. Бұл шамамен 3300 абонентті табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Теміртауда тағы бір нысан жыл соңына дейін тапсырылуы тиіс», деп хабарлады қала әкімі Ғалым Әшімов. Бұл табиғи газды ескі қала мен оң жағалаудағы 1 727 үйге жеткізуге мүмкіндік береді. Келесі жылы «АБВ» кварталының мыңға жуық үйі мен «Горка Дружбы» шағын ауданын көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін газ құбырының құрылысы жалғасады.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірді одан әрі газдандыру және тұрғындарды көгілдір отынға қосу қарқынын арттыру жөнінде тапсырма берді.

– Тұрғындарға табиғи газды тұрмыста қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндіру қажет. Газ тарату желілерін салу бойынша жобалардың сапалы іске асырылуын және уақытылы орындалуын бақылауда ұстау керек, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button