Жаңалықтар

Газ неге қымбаттады?

Энергетика министрлігінің бұйрығымен елімізде газ бағасы 33%-ға қымбаттаған. Ал, бұл шешім ел экономикасына, әсіресе, тұрғындардың әлеуметтік жағдайына байланысты қоғамда талқыланып жатқаны жасырын емес. Дегенмен, аталған өзгерістердің өзіндік негізі де бар. Осы мәселе бойынша көпшілік пікіріне құлақ асу мақсатында вице-министр Құдайберген Арымбек Қарағандыға ат басын тіреді. Орталық мемлекеттік орган өкілдерімен «Достық» үйінде бас қосып, арнайы брифинг өткізді.

Коллажды жасаған А.Коктаева

Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, баға өсімінің бірнеше басты себебі бар. Біріншіден, еліміздегі газ тұтыну көлемі өндіріс көлемінен әлдеқайда асып түскен. Соңғы жылдары газға деген сұраныс тұтынушылар тарапынан күрт көбейіпті. Ал, газ өндіріс көлемі бұл қажеттілікке толық жауап бере алмай отыр. Екіншіден, «QazaqGaz» ұлттық операторы газды өзіндік құнынан төмен бағамен сатып келеді. Бұл – компания үшін ғана емес, бүкіл газ саласы үшін тиімсіз. Қазіргі баға газды сатып алу, тасымалдау және сақтау шығындарын толықтай жаппайды. Соның салдарынан инфрақұрылымды жаңарту, техникалық жүйені жаңғырту және жаңа инвестициялар тарту ісі тежеліп тұр. Бағаны реттеу арқылы мемлекет осы мәселелердің алдын алуды көздейді. Жиналған қосымша қаражат аталған саланы дамытуға, инфрақұрылымды жетілдіруге және жалпы жүйенің беріктігін қамтамасыз етуге жұмсалмақ.

– Газ бағасының көтерілуі – әсіресе, Қарағанды облысы секілді орталық өңірлер үшін өзекті мәселе. Өңірге газ батыс аймақтардан магистральдық газ желілері арқылы жеткізіледі. Бұл – ұзақ әрі күрделі процесс. Тасымалдау мен сақтау жұмыстары да қомақты шығынды қажет етеді. Облыстың газдандырылу деңгейі әзірге 3-4% шамасында ғана. Шалғай елдімекендер әлі күнге дейін көгілдір отынның игілігін толық көре алмай келеді. Газды сақтау да оңай емес. Ол арнайы жер асты қоймаларында сақтауды, үздіксіз бақылауды қажет етеді. Мұның бәрі ақырында газдың өзіндік құнына әсер етеді, – деді Құдайберген Берікұлы.

Вице-министр мәселенің бір ұшы халықаралық факторларға да байланысты екенін баса айтты. Газды сатып алу туралы келісімшарттардың басым бөлігі шетел валютасымен, яғни, доллармен бекітіледі. Бұл келісімдер жыл сайын жаңартылады. Әлемдік нарықтағы бағам ауытқулары мен логистикалық шығындар да ішкі баға саясатына тікелей ықпал ететіні белгілі. Сол себепті ішкі нарықты субсидия арқылы ұстап тұру ұзақмерзімді шешім бола алмайтыны анық.

– Аталған өзгерістердің оң әсері де жоқ емес. Келешекте ірі өндіріс ошақтары мен коммерциялық кәсіпорындардың газ тұтыну көлемі артады деп күтілуде. Соның бірі – Qarmet алып кәсіпорыны. Ірі нысандардың газға ауысуы – жалпы жүйедегі тепе-теңдікті сақтап, тұрғындарға түсетін салмақты жеңілдетуге ықпал етуі мүмкін. Бұл қадам коммерциялық секторды белсенді тұтынушыға айналдыру арқылы әлеуметтік топтарды қорғауға бағытталады.
Әлеуметтік әлжуаз санаттағы тұрғындарды қолдаусыз қалдыруға жол берілмейді. «QazaqGaz Аймақ» компаниясы мұқтаж жандарға жеңілдік беру бағдарламасын ұсынуда. Бұл көмек әлеуметтік және тұрғын үй жәрдемін алушыларға арналған. Яғни, мемлекет шынайы қажеттілікке тап болған азаматтарды қолдау тетіктерін де қатар қарастырды, – деді вице-министр.

Брифингте тек баға мәселесі ғана емес, газ инфрақұрылымын дамытуға қатысты түйткілді мәселе де қозғалды. Жергілікті мәслихат депутаттары, сала мамандары және министрлік өкілдері ашық пікір алмасты.

– Брифингте қаланы газдандыру бойынша IV тоқсандағы қаржыландыру мәселесін көтердім. Біз, қалалық мәслихат депутаттары, төлемді шілде-тамыз айларына ауыстыруды ұсындық. Себебі, бұл төлемсіз «ГазАймақ» компаниясы техникалық шарт бермейді. Ал, мердігерлер жұмысты жалғастыра алмай отыр. Алайда, министрлік өкілдері бұл Қаржы министрлігімен қосымша пысықтауды қажет ететін күрделі мәселе екенін жеткізді. Сонымен қатар, тұрғындардың газға көшу немесе көмірмен қалу жөнінде шешім қабылдауы қажет. Соған қарамастан газдандыру жұмыстары жалғасуда. Вице-министр өңірлерге тұрақты түрде барып, осы мәселе бойынша қабылданған шешімдерді түсіндіріп жүр. Барлық мүдделі тараптар бірлесе жұмыс істеуге және шешім жолдарын іздеуге дайын, – деді Қарағанды ​​қаласы мәслихатының депутаты Әділ Упабеков.

Сондай-ақ, депутаттар тарапынан Қарағандыда метан қорының мол екені айтылды. Ал, вице-министр мұның да қарастырылып жатқанын қадап айтты. Бүгінде қытайлық Sinopec компаниясы мен «QazaqGaz» жаңа технологияларды енгізу туралы меморандумға қол қойған. Ал, бұл газ көлемін арттыруға мүмкіндік.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button