АймақҚарағанды

Газ бейнеттен құтқарады

Қарағандыда газдандыру жұмыстары қарқын алғалы көгілдір отын үйлерге жетіп үлгерді. Бұл ауқымды жоба – Қарағанды өңірінің энергетикалық картасындағы жаңа кезең. Көгілдір отын тек отын ғана емес, тұрғындардың тұрмыс сапасына, қала экологиясына, тіпті, болашаққа деген сенім.

Сурет автордан

Қарағанды қаласын газдандыру жобасы төрт кезеңнен және 16 іске қосу кешенінен тұрады. Газдандыру жұмыстары 2024 жылдың жазында басталған. Бірінші кезеңде қаланың орталық аудандарын көгілдір отынмен қамту көзделсе, қазіргі таңда бұл жүйе Қарағанды Кірпіш зауытының аумағындағы 1-2, 3-4 секторларды, «Таугүл» және «Күнгей» ықшамаудандары, қаланың Федоров және Михайлов бөліктерін қамтып отыр.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-комуналдық шаруашылық басқармасының деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда шамамен 300 үйге газ құбыры тартылды. Қала бойынша жалпы ұзындығы 2 шақырымдық газ құбыры төселуде, оның жартысынан астамы қазірдің өзінде аяқталған.

Газдандыру жұмыстарының бірінші кезеңі аясында Қазыбек би ауданына көгілдір отын жеткізілді. Бүгінде үш іске қосу кешені толық аяқталып, нәтижесінде газ желілері 6 076 жеке тұрғын үйге тартылды.

– Жалпы алғанда, бұл бағыттағы жұмыстар ауқымды түрде жалғасуда. Жоба барлығы 246 көшеге құбыр төсеп, 15 мыңнан астам жеке тұрғын үйді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы жылы Михайлов бөлігінен бастап, Үштөбе ауылына дейінгі жерлерге газ құбырлары төселді. Келесі жылы Майқұдық, Сұрыптау және Пришахтинскке тарту жоспарда, – деді «МБК Құрылыс» ЖШС директоры Абай Алькеев.

Директордың сөзіне сүйенсек, әзірге 4 іске қосу кешенінде (Федоров, Михайлов) жұмыстар жүргізілуде. Диаметрі 325 мм-лік болатын жоғары қысымды болат газ құбыры дәнекерленіп, төселді. Сондай-ақ, автожолдар арқылы өтетін құбыр желілері көлденең бағытталған бұрғылау (ГНБ) әдісімен төселуде. Олардың диаметрі 160 және 110 мм. Құрылыс жұмыстарына 60 адам, 5 техника және 4 компрессор жұмылдырылған. Нысанды аяқтау мерзімі – 2025 жылдың 4-тоқсаны.

Ал, 5-іске қосу кешеніне диаметрі 530 және 325 мм жоғары қысымды газ құбырынан 9,8 шақырым тартылды. «Ескі әуежай» ауданында 43 көшеде 84 шақырым газ тарату желісі монтаждалды. Құрылыс жұмыстарында 60 адам, 6 техника бірлігі және 6 компрессор бар.

Инженер-техник Рақымжан Мутановтың айтуынша, күнделікті жұмыс басталар алдында барлық жұмысшыларға қауіпсіздік ережелері бойынша нұсқаулық өткізіледі. Әр қызметкерге жеке қорғаныс киімдері, қолғап және қорғаныш бас киімі беріледі.

Инженер-техник жобаны осы жылдың соңына дейін аяқтау көзделуде екенін жеткізді. Алайда, негізгі қиындықтар қаржыландыру мәселесіне байланысты екен.

Сондай-ақ, алтыншы іске қосу кешеніндегі «Күнгей», «Таугүл» ықшамаудандарында диаметрі 219 мм және 426 мм болат жоғары қысымды газ құбырлары дәнекерленіп, 5 500 шақырымға төселді. «Күнгей» ықшам­ауданында абоненттер санының артуына байланысты жобалық-сметалық құжаттама түзетіліп жатқанын айта кеткен жөн. Кешеннің аяқталу мерзімі жобалық-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізілген соң белгілі болады.

– Федоров ықшамауданы, «Таугүл», «Күнгей» ықшамауданы газдандыру жұмыстары Тәттімбет көшесінен Бұқар жырау көшісіне дейін жалғасады. Қазіргі таңда 2 шақырымға газ құбырлары салынды. Құбырдың түсі – сары, және бұл түс тек танымдық мақсатта таңдалған: бүкіл әлемде газ құбырлары сары түспен боялады. Алдағы уақытта орындалатын жұмыстардың бірі – газ құбырларын 2 рет қаптап, сары түсті бояумен сырлап шығу, – деп қазіргі жұмыс барысымен бөлісті Қарағанды қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиев.

Фёдоров ықшамауданында, Кузнецкий көшесінде құбырлар орташа қысымда көлбеу бұрғылау әдісімен төселуде. Нысанды биылдың қазан айында тапсыру жоспарлануда. Ал, жұмыстар 2024 жылы басталған. Мұнда газды шамамен екі мың абонент күтіп отыр.

Алдағы уақытта қала тұрғындары қала әкімдігіне үйге газ тарту бойынша өтініш жазып, құжаттар тізімін өткізу арқылы үйлеріне газ жеткізе алады. Техникалық шаттарды алу үшін «QazaqGazAimaq» мекемесіне хабарласуға болады. Қарағанды облысының тұрғын үй қорын жаңғырту орталығына тапсыру керек құжаттар тізімінде үйге құқық беретін құжаттар, техникалық паспорт, жер актісі, жеке несиелік есеп, техникалық шарттар, жеке куәлік, мердігердің комерциялық ұсынысы бар.

Мамандар газ тарту үдерісі жеңілдетіліп, тариф қолжетімді бола түскенін жеткізді. Қазіргі таңда газға қосылу рәсімі барынша жеңілдетілген. Бүгінгі күні құжаттарды тапсыру процесі небәрі екі сағат уақыт алады. Ал, мақұлдау құжаттар тапсырылған бойда автоматты түрде жүзеге асады. Бұл тұрғындар үшін уақыт пен ресурсты үнемдеуге мүмкіндік.

Газдандыру жұмыстары жыл сайын қарқын алып келеді. 2023 жылы 300 үйге газ тартылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 400-ге жеткен. Биылдың соңына дейін 500-ге жуық үйді газбен қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл – тұрғындарды жылумен үздіксіз қамтамасыз етудің, инфрақұрылымды дамытудың және экологиялық жағдайды жақсартудың нақты көрінісі.

Биыл «Күнгей» ықшамауданында, Кірпішзауыттан бастап, «Глобал Сити» сауда орталығына дейін құбыр тартылып қойған. Алдағы уақытта газды қолданысқа беру жоспарланып отыр.

Михайлов ықшамауданының тұрғыны, Гүлзия Бошанованың айтуынша, газ тартылғалы тұрмыстары біршама жеңілдеп, өмір сүру сапасы артқан. Бұрын үйді көмірмен жылытып, оны тасып жағуға көп уақыт пен күш кететін. Ал, қазір табиғи газдың қосылуы арқасында бұл процесс едәуір жеңілдеген.

– Газ кіргелі жағдайымыз жақсарып қалды. Бұрын көмір жағатынбыз, қазір газ кіріп, жұмыс жеңілдеп, уақыт та үнемделді. Екі баламен көмір тасып қиналатын едік, газ кірген соң жұмыстарымыз жылдам аяқталатын болды. Бір жылда көгілдір отынға 76 000 теңге жұмсалды. Бұл тонна-тонна көмірге қарағанда әлдеқайда арзанырақ. Ауданда газға қосылмай қалған 3-4 ғана үй қалды, – деді Гүлзия Бошанова.

Қала маңындағы көптеген тұрғын үйлер бұрын тек көмір жағып келген. Бұл қыстың күні қиындық туғызатын: көмірді сатып алу, оны сақтау, күн сайын жағу – бәрі де тұрғындар үшін ауыр жұмыс еді. Енді газ тартылған соң мәселе біртіндеп шешімін табуда.

Орта есеппен бір отбасы көмірге жылына 120-150 мың теңге жұмсайтын болса, газға қосылу арқылы бұл шығын 70-80 мың теңгеге дейін қысқарған. Сонымен қатар, экологиялық тұрғыдан да бұл әлдеқайда тиімді. Ауаға шығатын зиянды қалдық азайып, қоршаған ортаға түсетін салмақ кеміді.

Сая СЕРІКБАЙ,
Арайлым ШОҚПАРОВА,
Қарағанды зерттеу университетінің
ІІ курс студенттері

Басқа материалдар

Back to top button