Жаңалықтар

Гүлнар МУШТАРБЕКОВА: «Денсаулық – бәрінен маңызды»

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін орталық облыста бірінші болып вакциналауды 1 ақпаннан бастап, бүгінгі күнге дейін жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұған дейін вакцинаның бірінші компонентін алған медицина қызметкерлері, педагогтар, ішкі істер қызметкерлері екіншісін салдырып болды. Қазіргі уақытта 60-65 жас аралығындағы адамдар, қандай да бір созылмалы аурулары бар қатер тобына жататын тұрғындар екпе алуда. Вакциналау жайлы орталықтың терапевт дәрігері Гүлнар МУШТАРБЕКОВА айтып берді.

– Гүлнар ханым, қазіргі уақытта «Вакцинадан кейін денсаулығыма зақым келді» деген сияқты жалған ақпараттар бар. Ал, сіздерге шағымданып келген екпе алушылар болды ма?

– Иә, дұрыс айтасыз. Сол фейк ақпараттардың әсерінен екпе алудан халық қорқады. «Сақтансаң сақтаймын» деген. Осы уақытқа дейін шыны керек, ешкім шағымданған жоқ. Әрине, 2-3 күн температурасы көтеріліп, аздап мазасызданған тұрғындар бар. Біздің мамандар арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, хабардар етеді. Қандай дәрі қабылдау керек екенін айтады. Сондықтан, жалған ақпаратқа сенбей, мамандардың пікіріне жүгіну керек. Індеттен құтылудың басты жолы – вакцина алу.

– Жасыратыны жоқ, вакцинаның жалған құжатын жасап жатқан медицина мамандары да ұсталып жатыр. Сіздерде тәртіп қалай? Мұндай құқықбұзушылықтар тіркелді ме?

– Иә, ондай өрескел қателіктер кездесуде. Бірақ, бізде – тәртіп қатаң. Арнайы бейнебақылау жүргізілуде. Мұндай жағдай әлі кездеспеді. Жұмыстағы мамандарға да қатты ескертудеміз. Мұндай өрескелдікке жол бермеуіміз керек. Денсаулық – бәрінен маңызды. Ондай қадамға барып жатқан қызметкер пациенттің тағдырына балта шауып жатқанын ойлау керек. Жалған құжат жасатушы да қағаз үшін ондай тәуекелге бармауы тиіс. Тәртіп бойынша елмен қатар екпе алғаны өте дұрыс.

– Тақырыпқа ойыссақ. Сөз басында егде жастағыларға екпе салып жатырмыз дедіңіз. Ол кісілерге вакцинаның әсері қандай? Ауыр тиіп жатқан жоқ па?

– Коронавирусқа қарсы вакцинада да кез келген екпеде болатын әсер байқалады. Атап айтсақ, дене қызуының көтерілуі, екпе орнының ауыруы, әлсіздік. Бірақ, оның барлығы 3 күн ішінде басылатын белгілер. 70 жастағы, тіпті, 80-нің үстіндегі кісілер вакцина алғысы келетінін айтып хабарласады. Келіп те жатыр. Бір қызығы, үлкен кісілерде жастарға қарағанда екпенің әсері көп байқалмайды. Ауыр емес деп те айтуға болады.

– Вакциналаудан кейін үйде де бақылау жүргізіліп жатқан шығар?..

– Вакцина орталықтары екпе алған адамдар туралы барлық деректі емханаларға жібереді. Ол жердегі учаскелік дәрігерлер мен медбикелер өздеріне қатысты адамдарға хабарласып, қал-жағдайын сұрайды. Солай 3 күн бойы біліп отырады.

– Қазір көптің пікірінше вакцина алғандар да ауырады. Сіз қалай ойлайсыз?

– Иә, вакцина 100% қорғамайды. Ешқандай вакцина ондай нәтиже көрсете алмайды. Ол жұқтыру қаупі мен оның ауыр түрімен ауыру тәуекелін айтарлықтай төмендетеді. Вакцинадан кейін байқалуы мүмкін тұмау секілді белгілер үш күнде басылады. Ондай реакция вакцина алағандардың 10-15%-да кездеседі. Әсіресе, «Спутник V-ден» кейін. Ал, қауіп тудыратындай кері реакция байқалған жоқ. Екпеден кейінгі асқазан-ішек жолдарының бұзылуы екі адамда, бөртпе бір адамда тіркелді. «Адамдар ауырып жатыр», «қырылып жатыр» деген фейк ақпарат біздің емханада болған емес.

– Соңғы сауалымыз болсын, ұжымдағыларыңыз толықтай екпе алған шығар?..

– Толықтай деп айта алмаймын. Бірақ, 90-95% медицина мамандары алды. Ал, қалғандарының екпеге қарсы аллергиялары бар. Біздің көбіміз екпе науқаны басталған уақытта вакцина салдырып алғанбыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button