Спорт

Футзалдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына жолдамаға таласады

14 желтоқсанда Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында 2024 жылғы футзалдан әлем чемпионатының элиталық іріктеу турнирі аясында Қазақстан мен Нидерланд құрамаларының матчы болады. Матч сағат 20:30-да басталады. Ойынды тікелей эфирден Qazsport телеарнасы көрсетеді, деп хабарлайды Ortalyq.kz halyq-uni.kz сайтына сілтеме жасап.

Сурет: ҚФФ

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына іріктеу турнирінде Румыния, Әзербайжан және Нидерланд құрамаларымен бірге А тобында ойнап жатыр. Қазір футзалдан еліміздің бас командасы төрт ойыннан кейін 12 ұпаймен көш бастап келеді. Ал қоржынында 1 ұпайы бар Нидерланд құрамасы IV орында тұр.

Екі құрама бұған дейін екі рет кездесіп, екі ойында да Қазақстан құрамасы жеңді. Алғаш рет 2019 жылы Румынияның Пьятра-Нямц қаласында болған матчта еліміздің құрамасы қарсыласын 5:0 есебімен жеңсе, биылғы іріктеу турнирінде сырт алаңда Нидерландтан 2:0 есебімен басым түсті.

Екі құраманың да Еуропа және әлемдік рейтингтегі орындарында алшақтық бар. Қазақстан Еуропа рейтингінде IV орында, әлемдік рейтингте VII орында болса, «Қызғалдақтар елінің» командасы қарт құрлықтың тізімінде XVIII орында, әлемдік рейтингте XXXIV орында келеді.

Енді осы матчта Қазақстан құрамасы жеңіске жетсе, келесі жылы болатын әлем чемпионатына жолдама алады. Ал мундиаль 2024 жылғы 14 қыркүйек пен 6 қазан аралығында Өзбекстанның Ташкент қаласында болады.

Футзалдан әлем чемпионаты элиталы турнирі 20 желтоқсанда аяқталады. 14 және 20 желтоқсанда әлем чемпионатына қатысатын 7 команданың бесеуі анықталады.

Элиталы раундтағы бес топтың жеңімпаздары әлемдік додаға тікелей жолдама алады. Ал II орын алған төрт үздік команда плей-офф матчтарында ойнайды. Олардың жеребесі 2024 жылы 25 қаңтарда тартылады. Ал ӘЧ жолдамасы үшін қалған екі матч 2024 жылдың 8-17 сәуіріне жоспарланған.

Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button