Балқаштағы «Металлург» стадионға жасалған жөндеу жұмыстары аяқталды. Жасанды көгал жабындылары ауыстырылып, орындықтарды қалпына келтіру және тағы басқа жөндеу жұмыстары жүргізілген футбол алаңының ресми ашылуы болды. Салтанатты шараға қала басшысы Сапар Сатаев, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов пен белгілі футболшы, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-капитаны Самат Смақов қатысты.
Барлық халықаралық стандарттарға сай жаңа футбол алаңы Қазақстан футбол федерациясының бастамасымен, сондай-ақ, республикалық «ALAÑ» жобасы аясында жүзеге асырылуда. «ALAÑ» жобасы аясында 2023-2025 жылдар аралығында республика бойынша 20 футбол алаңын жаңғырту жоспарланған. Осыған дейін, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Петропавл, Өскемен, Аягөз, Ақсу қалаларында және Жетісу өңірінде пайдалануға берілген. Футбол алаңының келесі ашылуы Жезқазғанда жоспарлануда. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов құттықтау сөзінде айтып өтті.
– Өздеріңіз куәгер болған футбол алаңындағы жөндеу жұмыстары жазда басталған. Жаңа жасанды көгалдар Италияда жасалған. Қалыңдығы 6 сантиметр, УЕФА стандарттарына сай. Заманауи спорт инфрақұрылымын құру арқылы футболды дамыту өте маңызды. Футболдың дамуы үшін балаларға жағдай жасау керек, – деді Әділет Барменқұлов.
Салтанатты шараның соңы жас футболшылардың жолдастық кездесуіне ұласты. Сонымен қатар, ойын алаңына шыққан спортшылар, футболдан Қазақстанның алты дүркін чемпионы Самат Смақовтың қолтаңбасын алды. Қазақстан футбол федерациясы мен жоба демеушілері атынан сыйлықтар табыс етілді.
– Балқаш қаласына өте жақсы футбол жабдығы төселді. Менің ойымша, балалар мұнда тек ойнап қана қоймай, өздерін жетілдіреді. Алдағы уақытта Балқаш қаласынан Қазақстан құрамасының атынан шығып қана қоймай, әлемдік аренада өнер көрсете алатын жұлдыздар шығады. Бәрі де әркімнің өз қолында, – деді жас футболшыларға қолтаңбасын берген Самат Смақов.
Айта кетейік, шағын шаһардағы «Металлург» стадионы мен «Балқаш» спорт клубында 11 спорт секциясы бар, оған 930-ға жуық бала қатысады.
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz