Жағымды жаңалық

Футбол алаңдары – тұрғындар игілігі үшін

Қала аумағында балалар мен тұрғындардың дене шынықтыру және спортпен шұғылдануы үшін футбол алаңдары және балалар ойын алаңдары салынды. Қала әкімі Е.БӨЛЕКПАЕВ Октябрь және Қазыбек би аудандарында салынған алаңдарды аралап, бұл тұрғындардың игілігі үшін жасалып жатқанын жеткізді.

Қала әкімдігі тұрғындар үшін аула аумақтарын абаттандыру мақсатында мұндай алаңдардың көптеп салынуына мән берген. Атап айтқанда, жыл басынан бері Қарағанды қаласында «Халықтық қатысу бюджеті» жобасынан бөлек, жергілікті бюджет есебінен 11 футбол алаңын, 50 балалар ойын алаңын салу жоспарланған.

Құрылыс жұмыстары «LED Impress Distribition» және «Жилкомхоз 2030» ЖШС мердігерлік ұйымдарының көмегімен жүзеге асты. Футбол алаңында жасанды көгал (газон), секция қоршаулары, қақпалар және жарық диодты шамдары бар жарықтандыру тіректері, орындықтар мен урналар қамтылған.

Ал, балалар ойын алаңын жабдықтандыруда 6 элемент орнатылған. Олар: екі адамдық балалар әткеншегі, балалар ойын кешені, балалар спорттық ойын кешені, «шаңғы жүрісі», кеудеге арналған және «Жоғарғы тартылу» сияқты жаттығу құрылғылары.

– Келесі жылы жұмысшы ауылдарда дәл осындай футбол алаңы мен балаларға арналған ойын алаңын салу жоспарда бар. ЖБИ, Федеровка, Оңтүстік-Шығыс аудандарына облыс әкімінің тапсырмасымен ойын алаңдары салынуда. Мұндай алаңдардың сапалы сақталуы тұрғындардың өзіне байланысты. Тұрғындар ұқыпты пайдаланса, бұлар 10 жылға дейін шыдайды, – деді қала әкімі.

Сондай-ақ, бұл жұмыстардың бәрі тұрғындардың игілігі үшін жасалып жатқанын және мұндай спорт кешені Елордада салынған ойын алаңдарының үлгісімен жасалғанын айтты.

– Қала тұрғындарының өтінішімен комплексті ойын алаңдарын салуды жоспарлаудамыз.

Үлкен алаң бар жерде жұмыс көлемі де көбейеді. Бұл тұрғыда қауіпсіздікке баса мән береміз. Мұндай ойын алаңдарын салу жөнінде шешім қабылданды және оның жобасын жасап жатырмыз. Салынған спорт алаңдарының сапасына көп көңіл бөлінді. Сол себепті бағасы да қымбаттау, – деді қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

– Осы жылы жергілікті бюджет есебінен 11 алаң салынды, ал, 1 футбол алаңы «Халықтық қатысу бюджеті» жобасы аясында жүзеге асты. Қала аумағында осындай форматтағы 12 футбол алаңы салынды. Сонымен қатар, 50 балалар алаңын тұрғызуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Ал, 5 балалар алаңы аталған жоба аясында бой көтерді. Одан бөлек, ЖБИ, Узенка, Куряновский елді мекендерге және жұмысшы ауылдарға салу бойынша жеке сектор орнын ыңғайлап қойды. Біз оны келесі жылға жоспарлап отырмыз, – деді Октябрь ауданының әкімі Мейрам Қожықов.

Бір ойын алаңын салуға орташа есеппен 16,5 млн қаржы жұмсалған. 12 алаң үшін 187 млн, ал балалар ойын алаңдарын салуға қалалық бюджеттен 157 млн тг бөлініпті.

– Осыған дейін ауданда 7 алаң салынды. Қазір біз тұрған футбол алаңының жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Бір ерекшелігі – бұл спорт алаңының төбесі тормен қоршалды. Футбол алаңын тұрғызуға 17 млн тг бөлінді. Ал, бұған дейін 53 балалар ойын алаңы салынған болатын. Біз тұрғындардың өтініші бойынша, алаңдардың көлемін 3 есе ұлғайттық. Балалар ойын алаңының бой көтеруіне 6 млн 900 тг қаржы жұмсалды, – деді Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары Мақсұт Қожанов.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button