Футбол алаңдары қайта жаңартылады
Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан футбол федерациясы елімізде футбол алаңдарын қайта жаңарту бағдарламасын енгізеді. Ал, бұған кім және қалай өтініш бере алады?
Бағдарлама 2023-2024 жылдар аралығында ФИФА және УЕФА-ның қолдауымен жүзеге асырылады. Оның аясында аймақтық атқару органдарына бұқаралық футболға арналған және бюджеті төмен футбол алаңдарының құрылысы үшін жасанды газон қайтарымсыз бөлінеді.
– Бағдарламаның негізгі мақсаты – балалар-жасөспірімдер және бұқаралық футболды дамыту әрі насихаттау жолында қызмет атқаратын аймақтарға қолдау көрсету. Ең алдымен халқы көп қоныстанған аймақтарда реновацияны қажет ететін футбол алаңдары енгізіледі. Жоба футбол алаңдарын қайта жандандырып қоймай, елімізде бұқаралық футболды дамытуға үлкен күш береді, – дейді ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов.
Қазақстан футбол федерациясы футбол алаңдары үшін стандарттар мен талаптарды әзірледі. Жобаға қатысу үшін жергілікті атқару органдарының атынан спорт нысандарының басшылары ҚФФ-ға 2023 жылдың 15 мамырына дейін өтініш білдіруі тиіс.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz