Жаңалықтар

Футбол королі қайтыс болды

Әйгілі бразилиялық футболшы, үш дүркін әлем чемпионы Пеле 82 жасында қайтыс болды, деп хабарлайды Оrtalyq.kz Associated Press сайтына сілтеме жасап.

Пеле қараша айынан бері Сан-Паулу қаласындағы ауруханада жатқан. Ол ауруханаға коронавирус жұқтырып түскен еді. Пеле бұған дейін қатерлі ісіктен емделіп жүрген. 2021 жылы футболшының ішегіне операция жасалып, ісік алынған. 22 желтоқсанда Пеленің жағдайы нашарлағаны хабарланған.

FIFA Пеле мен аргентиналық Марадонаны 20-ғасырдың ең үздік футболшылары деп таныған еді. Ол Бразилия құрамасы сапында 1958, 1962, 1970 жылдары әлем чемпионы атанған. Бразилия құрамасы сапында 92 матч өткізіп, 77 гол салған.

Биыл маусымда ол инстаграм парақшасында Ресей президенті Владимир Путинге ашық хат жазып, Украинадағы соғысты тоқтатуға шақырған.

“Сексен жылда қақтығыстарды да, өз елімді қорғаймын деп айуандықты насихаттаған лидерлердің ісін де көрдім. Біз мұны тоқтатуымыз керек. Бейбітшілік үшін үнсіз қалмаймын деп өзіме уәде берген едім. Бұл қақтығысты тоқтату сіздің қолыңызда” деп жазған еді Пеле.

Қазір әлемге танымал футболшылардың көбі Пеленің қазасына көңіл айтып, онымен қоштасып жатыр.

– Криштиано Роналду (Португалиялық футболшы): Қазіргі сәттегі футбол әлемінің жан күйзелісін мәңгілік Пелеге жай ғана “қош” деумен сипаттау мүмкін емес. Арамыз алшақ болса да оның маған деген ыстық ықыласы мен махаббатына дәл солай жауап бердім. Ол футбол сүйер әрбір адамның есінде және ешқашан ұмытылмайды! Рухың пейіште шалқысын, король Пеле!

– Роберт Левандовский (Польша футболшысы): Жұмақта жаңа жұлдыз пайда болды. Футбол әлемі қаһарманынан айырылды.

– Леонель Месси (Аргентина футболшысы): Жаның жәннәтта шалқысын, Пеле!

– Килиан Мбаппе (Франция футболшысы): Футбол патшасы бізді тастап кетті. Алайда оның мұрасы ешқашан ұмытылмайды!

– Эрлинг Холланд (Норвегия ойыншысы): Қазір сіздер куә әрбір футболшының істейтінін ең бірінші Пеле істеген.

– Неймар (Бразилия футболшысы): Пелеге дейін футбол жай ғана спорт болатын. Бірақ Пеле оны өзгертті. Өнерге, қызыққа айналдырды. Пеле кедейлер мен қара нәсілділердің үні болды. Ең бастысы Бразилияны асқақтатты. Ол кетті, бірақ сиқыры жасай бермек. Пеле мәңгілік!

– Зинедин Зидан (Франциялық футболшы): Мәңгілік король Пеле!

Басқа материалдар

Back to top button