Жаңалықтар

Фронт-офис қызметке кірісті

Президент Қасымомарт Тоқаев Жолдауында полиция қызметкерлерінің жұмысын сервистік модельге көшіруді, өңірлерде халыққа қызмет көрсету орталықтарының қағидаты бойынша азаматтарды қабылдау үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігін баса айтқан болатын. Осы мақсатта Ішкі істер министрлігі Көліктегі полиция департаменті бастығының тапсырмасымен Қарағанды-Жолаушылар вокзалында сервистік қызмет көрсетудің фронт-офисі ашылды.

Суреттерді түсірген автор.

«Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық шара аясында ашылған офистің тұсаукесеріне Қарағанды-Жолаушылар вокзалының бастығы Шерхан Несіпбек пен Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Бағлан Жарылқасынұлы қатысты.

Офисте көліктік полиция департаментінің, теміржол вокзалының, көші-қон полициясының және көлік прокуратурасының мамандары қызмет көрсетеді. Мамандардың көмегіне жүгініп, қажетті ақпарат алуға болады. Тіпті, қандай да бір дүниеңізді жоғалтсаңыз, осы офистегі мамандар қол ұшын созады. Вокзалдың іші мен сыртын үзбей түсіріп тұрған бейнебақылау камераларындағы бейнежазбаларды да осы жерден көруге болады.

– Қарағандыға туристер жиі келеді. Әлбетте, сырттан келген жұрт көп нәрсені түсінбей, сұрай алмай жатады. Сондай жандарға барлық жағынан көмек қолын созу үшін осындай орталық ашылды. Одан бөлек, орталық теміржол бойындағы полицейлердің жұмысын жеңілдетеді. Жалпы, қай жағынан алып қарасаңыз да, қызмет көрсетудің тиімділігін арттырады, – деді Шерхан Несіпбек.

Офис ашылысымен түрлі мәселелерін айтып, маман көмегіне жүгінгендердің қарасы қалың. Бірі, құжат мәселесімен, енді бірі көрші мемлекеттен келген визасын көрсетіп, түрлі сұрақтарын қойып жатты. Осылайша, алғашқы күннен-ақ сала мамандар жұмысына кірісіп кетті.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Суреттерді түсірген автор.
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button