АймақЖаңалықтарШет

«FreshCheeseZharyk» бренді ел нарығында сұранысқа ие болуда

Дана халқымыз «Еңбектің наны тәтті» деп бекер айтпаса керек-ті. Сол нақылдың мән-маңызын ісімен дәлелдеп, әрі дәріптеп жүрген жайсаң жандардың бірі – шұғылалы Шет ауданы, Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғыны Жанар Қаңтарбаева. Көпбалалы ана атанған ол бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, ел игілігіне еңбек етіп келеді. Оның бастамасымен құрылған «FreshCheeseZharyk» бренді табиғи сүт және ірімшік өнімдерімен облысқа қана емес, ел нарығында да сұранысқа ие болып отыр.

Сурет облыс әкімдігі сайтынан

Жанар Қаңтарбаеваның іскерлік жолы 2022 жылы басталған еді. Үш жыл бұрын ол халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 400 АЕК көлемінде мемлекеттік грант жеңіп алып, алғашқы өндірісін шағын үй асханасында бастады.

– Мемлекет қолдауы маған серпін берді. Үкімет тарапынан көрсетілген қаржылай қолдау – кәсіптің іргетасы іспетті. Әрине, бастапқыда оңайға түспеді. Сапалы өнім жасап, адал еңбегіммен отбасымның тұрмысын жақсартқым келді. Қазір сол еңбектің жемісін көріп келемін, – дейді кәсіпкер.

Алғашқы қадам оңай болмасы хақ. Шикізат жеткізу қиын, өндіріс көлемі шектеулі. Алайда, табан ақы, маңдай тердің арқасында Жанар Қаңтарбаева жергілікті фермерлермен келісім орнатып, ауылдағы сүт өнімін тұрақты қабылдауды мақсат тұтты. Бүгінде ол ауыл тұрғындарынан сүт сатып алып, сонымен қатар, жергілікті экономиканы дамытуға да үлес қосып отыр.
Сұраныс артқан сайын үй асханасы өндіріс үшін тарлық ете бастады. Осылайша кәсіпкер заман талабына сай жаңа жабдықтармен жабдықталған жеке сүт және ірімшік цехын ашып, толыққандыөндірістік жүйе құрды.
Қазір «FreshCheeseZharyk» брендімен май, сүзбе, қаймақ, ай ран, йогурт сияқты табиғи өнімдер шығарылады. Сонымен қатар, качотта, халлуми, скаморца, кач- кавал, буррата, моцарелла, стра- чателла, сулугуни секілді түрлі ірімшіктер де өндіріледі. Кейіпкеріміз алдағы уақытта пісірілген және ұзақ жетілетін ірімшіктерді шығаруды көздеп отыр. Дөңгелеген кәсіптің сапасы да ресми түрде мақұлданды. Кәсіпкер жақында Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестік декларациясын алып, сары май мен сүзбе
өнімдерін сертификаттаудан өткізген. Қазір ірімшіктерге де сапа құжаттары рәсімделіп жатыр.
Бүгінде Жанар Қаңтарбаева өндіріс өрісін кеңейтіп қана қоймай, ауыл тұрғындарын да жұмыспен қамтып отыр. Өткен жылы ол «Күміс жас» жобасы аясында Шет ауданының Мансап орталығымен үш жылдық келісімшарт жасап, цехына егде жастағы екі әйелді жұмысқа алған.

– Аға буын өкілдерінің еңбек тәжірибесі мен жауапкершілігі мол. Олармен жұмыс істеу арқылы мектеп тәлімін қайта меңгергендей боласың. Өйткені, олар әр іске баппен, бажайлап қарайды, асықпай, тиянақты атқарады. Кішіпейіл кісілермен бірге жұмыс істеген сайын мен де сабыр мен төзімнің қадірін ұғына бастадым. Шеберлігіне, ұқыптылығына, адамгершілігіне қарап, нағыз еңбектің құнын түсініп, еріксіз тәнті боласың, – дейді кәсіпкер.

Сондайақ, ол «Жұмыс орнында қысқамерзімді оқыту» бағдарламасы арқылы бес адамға сүт өнімдерін өңдеу мамандығын үйретіп отыр. Жанар Қаңтарбаева түрлі әлеуметтік және кәсіпкерлік жобалардың құрамындағы белді жан. Ол «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалисті, облыстық және ре-спубликалық көрмелердің тұрақты қатысушысы. Кәсіпкердің айтуынша, келешекте өндіріс көлемін арттырып, жаңа цех ашуды, жұмысшылар санын көбейтуді және қазақстандық ірімшіктерді ірі сауда желілеріне шығаруды мақсат етіп отыр.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button