АймақБас тақырыпҚарағанды

Француз компаниясы Қарағандыда суды тиімді пайдалану технологияларын енгізуге дайын

Қарағанды облысының өкілдері Астанадағы Қазақстан-Франция инвестициялық форумына қатысты. Делегацияны облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев басқарып, өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырды. 

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Форум мемлекетаралық экономикалық ынтымақтастықты нығайту және іскерлік байланыстарды орнату үшін тұғырнамаға айналды. 

Қарағандыда француз компаниясымен серіктестікте сумен жабдықтау және су бұру саласындағы жобаны іске асыру, сондай-ақ біздің медициналық университеттің Париж-Сакле университетімен ынтымақтастығы жоспарлануда.

Форумды ашқан премьер-министр Олжас Бектенов екі мемлекет басшылары деңгейіндегі сенімді қарым-қатынастар нәтижесінде екіжақты байланыс стратегиялық әріптестіктің кеңейтілген деңгейіне көтерілгенін атап өтті.

– Франциямен ынтымақтастық – Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі басымдықтардың бірі және Еуропалық Одақ шеңберіндегі серіктестігіміздің ажырамас бөлігі. Біздің елдеріміз берік саяси байланыстармен, белсенді үкіметаралық және парламенттік диалогпен, сондай-ақ қарқынды сауда және инвестициялық өзара іс-қимылмен ерекшеленетін берік және көпқырлы серіктестікке ие, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Ермағанбет Бөлекпаев өңірдің артықшылықтары, оның инвестициялық тартымдылығы туралы айтып, француз компанияларын өнеркәсіпте ғана емес, басқа да салаларда ынтымақтастыққа шақырды.

– Қарағанды облысы – үлкен мүмкіндіктер мен ашық диалог аймағы. Біз тек инвестиция тартуға ғана емес, ұзақ мерзімді және өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға тырысамыз. Біз SUEZ француз компаниясымен суды ұтымды пайдалану саласында ынтымақтастықты бастадық және барлығын жаңа бірлескен жобаларға шақырамыз. Біздің өңірдің артықшылығы – батыс пен шығыс, Еуропа мен Азия арасында, дәл орталықта орналасуымыз. Ірі көліктік-логистикалық жүйенің, халықаралық автомобиль және теміржол дәліздерінің, әлеуеті толық пайдаланылмаған жүк-терминалы бар халықаралық дәрежедегі әуежайдың болуы, – деп атап өтті өңір басшысы.

Ынтымақтастық туралы үш жақты келісімге SUEZ International SAS, Қарағанды әкімі Мейрам Қожухов және Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту орталығы қол қойды. 

Бұл қалалық инфрақұрылымды жаңғырту және орнықты су пайдалану әлеуеттерін ашады, бұл әсіресе коммуналдық желілерге жүктеменің өсуі және климаттың өзгеруі жағдайында өзекті.

SUEZ – су ресурстарын тұрақты басқару саласында әлемдік көшбасшы. 

Серіктестік озық технологияларды енгізуді, сумен жабдықтаудың тиімділігін арттыруды, сондай-ақ су шығынын азайту және қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша шешімдер әзірлеуді көздейді.

Форумда Қарағанды медицина университеті мен Париж-Сакле университеті арасында да меморандум жасалды. 

Ынтымақтастық студенттермен академиялық алмасуды, қос диплом бағдарламасын, биомедицина саласындағы бірлескен ғылыми зерттеулер өткізуді қамтиды.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button