Фитосанитарлық қауіпсіздік – азық-түлік тұрақтылығының кепілі
Ауыл шаруашылығы саласы – ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Бұл бағыттың тұрақты дамуы мен өнімнің сапасы ең алдымен фитосанитарлық қауіпсіздікке, яғни өсімдіктер және ауыл шаруашылық дақылдарын зиянды организмдер мен аурулардан қорғау шараларына тікелей байланысты. Қарағанды облысында бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.

Өңірімізде бұл салада Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясы қызмет
атқарады. Мемлекеттік орган басшысы Жасұлан Ешмұқановтың айтуынша, мекеменің негізгі мақсаты – облыс аумағында фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өсімдік өнімдерін аса қауіпті зиянкестерден, аурулар мен карантиндік объектілерден қорғау.
– Аграрлық саланың даму деңгейі қашан да еліміздің экономикалық және қоғамдық-саяси тұрақтылығын анықтайтын фактор болып табылады, – деп санайды бас инспектор.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін, бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелердің бар екендігін атап айтқан болатын. Сол мәселелердің бірі – ауыл шаруашылығы дақылдарын, егістік және жайылымдық алқаптарды, төрт түліктің қорегі жемшөп алқаптарын зиянкестерден қорғау мәселесі. Жалпы республика аумағында азықтүлiк қауiпсiздiгiн және қалыпты фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету өсiмдiктердi қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi мiндеттерiнің бірі екендігі баршаға аян. Спикер фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыс аумағын зиянкестер, арамшөптер және өсімдік ауруларынан қорғау, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің аса қауіпті зиянкестері мен ауруларына қарсы өңдеу жұмыстарын ұйымдастыру және бақылау жасау шараларын облыстық аумақтық инспекция және оның аумақтық бөлімшелері атқаратынын атап өтті. Мемлекеттік органда екі бөлім бар: біріншісі өсімдіктер қорғау саласында, екіншісі өсімдіктерге карантин саласында қызмет атқарады.
– Бұл жерде «аса қауіпті» деп отырғанымыз оқтын-оқтын жаппай көбеюге және таралуға бейiм, экономикалық, экологиялық залал келтiретiн зиянды организмдер, – дейді Жасұлан Ешмұқанов.
– Уәкілетті орган бекіткен тізімге сәйкес бұл организмдердің қатарына: үйірлі шегіртке тектестер (азиялық, мароккалық және итальяндық прус), зиянды бақашық, астықтың сұр көбелегі, гессен шыбыны, астық қоңыздары, мақта көбелегі, өрмекші кене, саршұнақтар, тышқан тәрізді кеміргіштер, колорадо қоңызы, қырыққабат күйесі, шалғын көбелегі және дәнді дақылдардың аурулары (тат ауруы, септориоз) жатады. Облысымызда фитосанитариялық қалыпты ахуалды қалыптастыруда инспекциямен қатар ведомствалық ұйым – Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының облыстық және аудандық филиалдары әрекет етеді. Орталық мамандары қауіпті организмдердің және аурулардың, карантиндік объектілердің таралу болжамын жасайды, сол болжам негізінде ағымдағы жылға химиялық өндеу жұмыстарының жоспары жасалады.
Аумақтық инспекция басшысы бүгінгі таңда шегірткенің таралу қарқыны біршама артып отырғанын растады. Оның айтуынша, шегіртке зиянкестері үйірлі және саяқ болып екіге бөлінеді, соның ішінде үйірлі
шегірткелер ауыл шаруашылығы дақылдарының аса қауіпті зиянкесі тізбесіне енгізілген.
– Қарағанды облысы аумағында үйірлі шегірткелердің итальяндық прус атты түрі кең таралған, – деп бөлісті спикер.
– Олардың дәнді-дақылдарды, көкөністер мен бау-бақшаларды, жайылымдықтар мен шабындықтарды отап, айтарлықтай зиян келтіретіндігі баршаға белгілі. Шегіртке дернәсілдеріне уақытылы өңдеу жұмыстары жүргізілмесе, қатты ыстықты және құрғақшылық жылдары олардың алып жатқан аумағы бірнеше есеге ұлғаю қаупі бар. Биыл Әдістемелік орталығы мамандарымен аса қауіпті және қауіпті зиянды организмдер мен карантинді организмдерге қарсы зерттеу жұмыстарын жоспар бойынша 5,4 млн гектар аумақта жүргізу жоспарлан ды. Осы зиянкестерге қарсы бақылау, қадағалау жұмыстарын уақытылы ұйымдастырып, жедел іс-әрекеттерге көшу үшін бізде көктемде облыс әкімінің қаулысымен штаб құрылған болатын. Биылғы едәуір өзгеріс, жаңашылдығы жұмыстарға дрондар пайдаланылған.
Ағымдағы жылы Әдістемелік орталықтың Қарағанды облыстық филиалы тарапынан үйірлі шегіртке итальяндық прусқа қарсы 68 400 гектар аумаққа республикалық бюджет есебінен химиялық өндеу жұмыстары облысымыздың жеті ауданында жүргізілді. Аталған зиянкеспен күресу үшін Мемлекеттік инспекция комитеті конкурстық рәсімдер жүргізіп, мердігер-компанияларды анықтады. Олар жер үсті бүріккіштері арқылы 28 500 га алаңға, аса жеңіл авиациямен – 35 677 га алаңға 1 аса жеңіл ұшақ (СП-30) пен 1 дельтаплан және пилотсыз ұшу аппараттары (4 дрон) көмегімен 4 223 га алқапқа химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізді.
– Ал саяқ шегірткеге осы жылы өңдеуге қойылғаны – 83 450 га, – деді бас инспектор. – Оның ішінде мемлекеттік жер қоры – 34 000 га, шаруашылық құрылым – 49 450 га. Шегірткемен күрес шараларына тұрақты бақылау жүргізуге Инспекция тарапынан 26 инспекторлық құрам және ЖАО тарапынан, 7 аудан әкімдіктерінен және 35 ауылдық округ әкімдіктерінен мамандар тартылып , жалпы зерттеу жұмыстары мен күрес шараларын қосқанда үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына барлығы 136 адам қатысты. Жасұлан Ешмұқановтың айтуынша, шегіртке зиянкестеріне қарсы жыл сайын жүйелі түрде химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, зиянкес популяцияларын біржола құртып жіберу мүмкін емес. Олардың тек сан мөлшері ғана азайтылып отырады.
– Жыл сайынғы химиялық күрес жұмыстары ұйымдастырылып, қаншама адам жұмылдырылып, қаражат бөлініп жатқанымен олардың таралу ареалы кей жылдары өршіп кетеді, – деп атап өтті инспекция басшысы. – Бұл жерде «неге» деген сұрақ туындайды. Бұған жауапты бірнеше саты бойынша қарастыруға болады. Біріншіден, шегіртке – «көшпенді» зиянкес, яғни ол бір жерде ғана тұрақтап тұрмайды және ол жаппай миграция жасаған кезінде бірнеше мыңдаған шақырымды артқа тастап ұша алады. Сондықтан оған қарсы күрес шараларын көршілес тұрған аудан, облыс, тіпті шекаралас ел болып бірлесе жүргізу қажет. Екінші мәселе – қазір дүние жүзінде болып жатқан ғаламдық жылыну, күн сәулесі белсенділігінің артуы, су қорының азаюы, жағалаулардың құрғап қалуы мен теңіз жағалауында жаңа аралдардың пайда болуы сияқты табиғи құбылыстар зиянкес ареалын арттырып отыр. Ал үшіншіден, осы саладағы көптеген ғалым шегіртке зиянкесінің әрбір 11-12 жыл сайын саны көбейіп шарықтау шегіне жетіп барып қайта бәсеңдейтінін айтады. Көп жылдар бойы жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижелерін салыстырмалы түрде есептегенде, үйірлі шегіртке зиянкестерінің облыс аумағында жоғары көтерілуі 1999-2000 жылдар, 2010-2011 жылдар, одан кейінгі жаппай көбею кезеңі 2024-2025 жылдарға сәйкес келіп отыр.
– Биылғы жұмыстарымыз өсімдіктер қорғау саласында осымен аяқталды, зерттеу жұмыстары қорытындыланды, келесі жылға қазір жоспарларды нақтылап отырмыз, – деп жалғастырды сөзін спикер. – Қорытындылай келе айтатынымыз биыл өңірде жедел шаралар кезеңінде өңдеу жұмыстарының, мониторинг шараларының уақытылы және сапалы жүргізілуіне сай облыс аумағына, шалғындар мен жайылымдарға зиянкестер мен аурулар зиян келтірмеді. Бірақ бұдан бөлек қазір жұмыстар өсімдіктер карантин саласында жалғасып отыр. Өсімдіктер карантинінің негiзгi мiндеттерi бұл Қазақстан Республикасының аумағын басқа мемлекеттерден немесе карантиндi аймақтан карантиндi объектiлердiң әкелiнуiнен немесе өз бетiмен енуiнен қорғау, карантиндi объектiлердi анықтау, оқшаулау және жою,
сондай-ақ Қазақстан Республикасының олар жоқ аймақтарына олардың енуiнiң алдын алу, өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасының сақталуына мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау жүргізу болып табылады. Мекеме басшысы атап өткендей, осы мақсатта карантиндік объектілердің таралған ошақтарын анықтау жұмыстары жыл сайын жүргізіледі. Ағымдағы жылы 57661 гектар алқапқа зерттеу жұмыстары жүргізілді, оның ішінде: (жатаған (қызғылт) укекіре – 52497 га, американдық ақ көбелек – 343 га, жұпсыз жібек көбелегі – 670, батыстың гүл трипсі – 2 га, қызанақ күйесі – 80 га, қызанақтың вирустық аурулары – 99 га, картоптың алтын түстес нематодасы – 165 га, картоп рагы гүлдену кезеңінде – 71 га, картоп рагы жинау кезеңінде – 90 га , картоптың Зебра чипі – 60 га, жеміс ағаштарының күйігі – 54 га, қоңыр мәрмәр қандала – 40 га, арамсояу – 3490 га. – Өнімдер бізге күн сайын келіп отырады, бізден күн сайын шығып отырады, – дейді Жасұлан Ешмұханов.
– Бұл негізінен астық өнімдері: бидай, арпа немесе ұн. Ал бізге келіп отырғандары, мысалы, ағаш материалдары бар, күнделікті көкөніс, жеміс-жидек, гүлдер бар. Карантинді объектілердің біздің елімізге, облысымызға кіргізілуін біз қадағалаймыз, оны болдырмауымыз керек. Ол келген жағдайда біздің мына өсімдіктерге едәуір экономикалық жағынан болсын, экологиялық жағынан болсын зиян келтіреді. Сондықтан заң бұзушылықтар анықталған жағдайда айыппұл салынады. Мөлшері әртүрлі. Жеке тұлғаға 20 ЕАК болса, заңды тұлғаға категориясына байланысты 100 ЕАК-ке дейін барады. Бізге қойылған міндет бүкіл жүктердің бәрін таза ұстау, келген жүктерді мұқият қарау, облысымыздың, мына еліміздің аумағын фито санитарлық қауіпсіздігін сақтау. Біздің алға қойған мақсаттарымыз – бүкіл жүктерді таза ұстау, келген жүктерді мұқият қарау, облысымыздың және еліміздің аумағында фитосанитарлық қауіпсіздігін сақтау. Сонымен қатар инспекция қызметкерлері банан тасымалдаумен айналысатын кәсіпкердің мысалында жүктерді тексеру рәсімі туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Өсімдіктер карантині және фитосанитарлық бақылау бекеттері бойынша бөлімінің бас маманы Шырайлым Турысбекованың айтуынша, кәсіпкерлер жүктің келгені туралы инспекцияны хабардар етуге міндетті.
– Осыдан кейін біз бірінші кезекте құжаттардың сәйкестігін тексереміз, – деп түсіндірді инспектор. – Бұл фитосанитарлық сертификат және автокөлік жүкқұжаты. Біз берілген күндеріне, толтырудың дұрыстығына, таңбалауға, жүк туралы ақпараттың толықтығына назар аударамыз. Егер бұзушылықтар мен қателіктер анықталған жағдайда әкімшілік шара қолданылады.
Спикер барлық құжаттардағы деректер дұрыс болған жағдайда импортталған өнімді тексеру басталатындығын атап өтті. Тексеру кезінде инспекторлар кездейсоқ әдістемеге сәйкес қораптарды ашып, өнімнің фитосанитарлық жағдайын тексереді. Барлық процесс бейнекамераға жазылады.
– Осы банандардың әкелімі Ресей Федерациясынан, сол жақтан келеді елімізге, ал негізі шығу тегі – Эквадор, – деп бөлісті Шырайлым Турысбекова. – Өнім алдымен теңіз арқылы Ресей Федерациясының порттарына жеткізіліп, кейін фуралармен Қазақстан аумағына тасымалданады. 2023 жылы бізде карантинді объекті анықталды осы банандар бойынша. Ол – Шығыстың ақ ұнтақ сымыры. Бұл зиянкес бананның бетінде ақ ұнтақ тәрізді із қалдырып, өнімді зақымдайды. Бұл карантинді объект адамдарға қауіп төндірмегенмен, қоршаған ортаға зиян. Сондықтан таралып кетпеуін біз бақылаймыз. Шығыстың ақ ұнтақ сымыры анықталған жағдайда өнім дереу оқшауланады, қойма мөрленеді, ал үлгілер карантиндік зертханаға жіберіледі. Карантиндік нысан анықталған жағдайда кәсіпкерлер жүкті сатуға да, жөнелтуге де
құқылы емес және аталған өнімге міндетті түрде фумигация жүргізіледі – бұл газ арқылы зарарсыздандыру әдісі. Фумигациядан кейін қайта тексеру және зертханалық сараптама жүргізіледі. Тек содан кейін ғана өнімге тиісті құжат ұсынылып, сатуға немесе жөнелтуге рұқсат беріледі. Осындай тәртіппен тәуекелі жоғары карантинге жатқызылған өнімдерге бақылау, қадағалау жұмыстары жүргізіледі.
ҚР АШМ АӨК МИК «Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясы» ММ