Ферроқорытпа зауытындағы апаттан зардап шеккендер туралы не белгілі?
Ферроқорытпа зауытының басшылығы жергілікті дәрігерлерге кеңес беру және көмек көрсету үшін Ресей Федерациясының жетекші институттары мен ауруханаларынан комбустологтардың келуін ұйымдастырды. Әзірге зардап шеккендердің жағдайы өзгеріссіз. Зардап шеккендердің 3-еуі ауыр жағдайда, ал 5-еуі аса ауыр хәлде жансақтау бөлімінде жатыр.
– Қарағандыға Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау министрлігі Орал мемлекеттік медицина университетінің апаттар медицинасы кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты Владимир Амосов бастаған алты дәрігерден тұратын топ келді. Амосовтың күйіктерді емдеуде 40 жылдық тәжірибесі бар және жетекші комбустологтардың бірі. Сонымен қатар, мамандарға Ф.И. Иноземцев атындағы қалалық клиникалық аурухананың күйік орталығының бөлім меңгерушісі Тимур Халилуллович Сухов кеңес береді. Сухов күйікке шалдыққан науқастарды емдеуге маманданған 25 жылдық тәжірибесі бар травматолог, – деп хабарлады «YDD Corporation» ЖШС баспасөз қызметі.
Профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханасының дәрігерлері мен мамандары ресейлік әріптестерімен бірге зардап шеккендерге жан-жақты медициналық көмек көрсетіп жатыр. Сонымен қатар, Израиль мен Түркиядан келген жергілікті және шетелдік мамандармен онлайн консультациялар жүргізіледі.
Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша, қосымша медициналық көмек көрсету үшін Астанадағы академик Н.Бәтпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының директоры Олжас Бекарысов бастаған қызметкерлер Қарағандыға арнайы келді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz