Ферроқорытпа зауытындағы апатқа жұмыс беруші кінәлі деп танылды
20 шілде күні Қарағанды қаласында орналасқан «YDD Corporation» ЖШС ферроқорытпа зауытында жазатайым оқиға орын алған болатын. Арнайы комиссия «YDD Corporation» ЖШС ферроқорытпа зауытында орын алған топтық жазатайым оқиғада жұмыс берушінің кінәсін анықтады.
– Комиссия мүшелері техникалық құжаттаманы, оқиға болған жерді тексеру нәтижелерін, куәгерлердің сауалнамаларын, сараптама ұйымының қорытындысын, нормативтік құжаттар мен басқа да материалдарды зерделегеннен кейін осындай қорытындыға келді. Кәсіпорында травматикалық факторлардың әсерін болдырмау үшін шұғыл шаралар тиісті дәрежеде қабылданбағаны, қауіпсіз еңбек жағдайлары мен қызметкерлердің ережелерді, нұсқаулықтарды және технологиялық тәртіпті сақтауын бақылау элементтері тиісті дәрежеде жасалмағаны анықталды, делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.
Комиссия мүшелері зардап шеккендермен және олардың отбасы мүшелерімен кездесіп, оларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес олардың әлеуметтік қорғауға заңды құқықтары түсіндірілген.
– Арнайы комиссияның тергеу нәтижелері және жиналған барлық материалдар болған жазатайым оқиғаға кінәлі деп танылған адамдарды жауапқа тарту үшін құқық қорғау органдарына берілетіні хабарланды. Жұмыс берушінің ақпаратына сәйкес, жұмыс берушінің міндеттемелеріне қатысты материалдық сипаттағы барлық мәселелер, сондай-ақ қаза тапқандар мен зардап шеккендердің жақын туыстарына өзге де көмек көрсету реттелген. Сонымен қатар жұмыс беруші зардап шеккендердің жақын туыстарына өтеусіз материалдық көмек көрсетті, деп нақтылады министрлік.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz