Федор УЛЬЯНИН
Федор Иванович Ульянин 1915 жылы Саратов облысындағы қазіргі Ульянино – бұрынғы Болтуновка деген жерде туған. 1935 жылы оның әке-шешесі Қарағандыға көшіп келеді. Әкесі мен ағасы Василий сияқты Федор да №17 Калинин атындағы шахтада көмір қазды. Бір жылдан кейін Федор Иванович әскер қатарына шақырылды.
Алғаш соғыстың ащы дәмін ол Хасан көлі маңында татты. Одан кейін жас командир Фин соғысына қатысты.
Отан соғысы басталған кезде Ф.Ульянин Мурманск қаласында тұратын еді. 1941 жылғы тамыз айынның зінде-ақ ол соғысқа енді. Атқыштар батальонын бастап Крель, Орталық, Белорусь майдандары құрамында жауға қарсы күресті. Мәскеу түбіндегі алапат шайқастарға қатысты.
Ерлігі мен тапқырлығы үшін Қызыл Жұлдыз, Қызыл Ту ордендерін омырауына таққан Ф.Ульянин 1943 жылы Белорусь жеріндегі жан алып, жан беріскен соғыстарға қатысты.
1944 жылғы маусымның 24не қараған түні майор Ульянин өз батальонын Друть өзенінен шығынсыз өткізді. Близнецы деген жерде жауға қарсы кездесіп, соғыс салды. Артиллерияның қолдауын пайдаланып, дұшпан ұясына бірінші болып кірді де, бүкіл дивизия-ның жеңіске жетуіне үлкен көмек көрсетті.
Майор Ульянин басқарған батальон жаудың қанды шеңгелінен кіші Пласкиня деревнясын азат етіп, Кеңес әскерлерінің Бобруйск қаласы бағытына қарай шабуыл жасауына жағдай жасады. Сол ұрыста ауыр жараланған Ф.Ульянин жарасы жанына батса да саптан шықпады. Ақырында қансырап қаза тапты. Батырдың серіктері аяулы командирі үшін жаудан кек алды.
Біздің әскерлер жаудың орасан күшін талқандап, жүк және қару-жарақ тиеген 2500 автомашинаны, өздігінен жүретін «Фердинанд» деген он зеңбірегін қолға түсірді, 400 солдаты мен офицерін тұтқынға алды.
КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1944 жылғы тамыздың 23-дегі Жарлығымен 170ші атқыштар дивизиясы 422-ші полкінің батальон командирі, майор Ф.Ульянинге қаза болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Қарағанды кеншілері өздерінің батыр әріптестерін қаланың құрметті кеншілері қатарына жазып, облыс рталығындағы көшелердің бірін оның есімімен атады.
(«Қаһарман қарағандылықтар –
Герои-карагандинцы» жинағы негізінде әзірленді).