Федерацияда – жаңа басшы
Қарағандыдағы Н.Әбдіров атындағы спорт сарайында Қарағанды облысының спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының отырысы өтті. Отырыс барысында федерацияның құрметті президенті ретінде Айбек Есейұлы және президент ретінде Мерей Матышев таныстырылды. Сонымен қатар, өңірдің жетекші спортшыларына сыйлықтар табысталды.

Салтанатты жиынға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Есімов пен экс-президент Ержан Халилин де жиынға арнайы қатысты. Екі тараптан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Бұған дейін аталған федерацияның президенті лауазымында қызмет атқарған Ержан Халилин Қазақстанның күрес федерациясының самбо бағыты бойынша вице-президенті болып тағайындалған.
– Осы салаға келгенімен де аттай алты жыл болыпты. Осы уақыт аралығында қолымыздан келгенше игі жұмыстар атқардық. Спортшыларға жан-жақты қолдау көрсеттік. Бұдан кейін де спортшыларға қолдау көрсетуге әзірмін, – деді Ержан Халилин.
Қарағанды облысы – самбо күресінің дамуына айрықша үлес қосқан өңірлердің бірі. Талай дарынды балуандар түлетіп шыққан мекен. Кеңестік кезеңнен бастап, самбо Қарағандыдағы спорт мектептерінің негізгі бағыттарының біріне айналған. Күні бүгінге дейін аймақ спортшылары республикалық және халықаралық додаларда ел намысын абыроймен қорғап жүр. Бүгінде самбо күресінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жас өрендерге жол ашылуда. Аталған іс-шараға аймақтағы спорт мектептерінің басшылары, дзюдо және самбо күресі федерациясының ардагерлері мен спортшылары арнайы қатысып, жаңадан тағайындалған басшыларға жылы лебізін білдірді.
– Біз жасөспірімдер арасында әлемдік және халықаралық деңгейдегі спортшыларды шығаруды мақсат етіп отырмыз. Әрине, спортшыларға тиісті қолдау көрсетіп, жаттығуына жағдай жасаймыз. Одан бөлек, спорт ардагерлері мен чемпиондардың бапкерлерін де назарға аламыз. Алдағы уақытта Қарағандыда ересектер арасында республикалық турнирлерді өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, алда әлі үлкен жұмыстар күтіп тұр. Бұл лауазым – маған жүктелген зор жауапкершілік деп білемін, – деді Айбек Есейұлы.
Жиын соңында Айбек Есейұлы ел намысын әлемдік ареналарда қорғап жүрген спортшыларға естелік сыйлықтар табыстады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»