МедицинаРесми

Фазыл КОПОБАЕВ: «Биыл дербес төлеушілер мен жеке кәсіпкер жарналарының сомасы ұлғайды»

Міндетті медициналық сақтандыруға қанша ақша жиналғанын қайдан көруге болады? Бүгінде қанша адам сақтандырылған? Бұл аударымдар мен жарналар қайда кетеді? Бұл сұрақтарға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Фазыл Қопобаев жауап берді.

Сурет: ашық дереккөз

Бүгінде Қарағанды облысының қанша тұрғыны сақтандырылған?

–  2024 жылдың қаңтар айының басындағы жағдай бойынша облысымызда 924 884 адам сақтандырылса, 210 639 адам медициналық сақтандыру жүйесінен тыс, бұл жалпы халықтың 18,5% құрайды. «Saqtandyry» АЖ деректері бойынша бұрынғы төлеушілер санаты бойынша сақтандырылмаған халықты келесідей бөлуге болады: қызметкерлер – 28%, мемлекеттік қызметшілер – 3,5%, ЖК/ШҚ – 3,5%, бірыңғай әлеуметтік сақтандыру төлеушілер – 1,9%, дербес төлеушілер – 1,8%, соңғы 12 айда төлемдері жоқ – 61%. Көріп отырғаныңыздай, сақтандырылмағандардың негізгі пайызы міндетті медициналық сақтандыру бойынша жарналар мен аударымдарды ешқашан төлемеген азаматтар.

Міндетті әлеуметтік сақтандыруға қанша ақша жиналғанын қайдан көруге болады? МӘМС қорынан түскен жарналар қайда жұмсалады?

–  Медициналық сақтандыруға түсетін барлық қаражаты (жарналар мен аударымдар) ҚР Ұлттық Банкінде. Олар жинақтаушы сипатта болмайды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен халыққа көрсетілген медициналық көмек үшін медициналық ұйымдарға шығындарды өтеуге жіберіледі. Бұл ретте, сақтандырылған азамат медициналық сақтандыру үшін ай сайын қандай соманы төлегеніне қарамастан, стандарттар мен клиникалық хаттамаларға сәйкес қажетті медициналық көмекті толық көлемде алады. Яғни, емделген жағдайдың құны жарналар мен аударымдар сомасына байланысты емес. Ең бастысы – жарналарды үнемі (ай сайын) төлеп, олардың мәртебесін тексеріп отыру. Сіз өзіңіздің мәртебеңізді қордың барлық кері байланыс арналарында тексере аласыз. Қордың ресми сайты fms.kz, Колдау 24/7 мобильді қосымшасы, «saqtandyrybot» телеграм-боты, Каспи, Халық және ЦентрКредит екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары істейді.

Міндетті медициналық сақтандыру арқылы халық арасында қандай қызметтер көбірек сұранысқа ие?

– Халық арасында ең сұранысқа ие консультативтік-диагностикалық қызметтер болып табылады. Көптеген адамдар қазірдің өзінде мамандандырылған дәрігерден тегін кеңес алу, тест тапсыру және МӘМС есебінен дәрігердің жолдамасы бойынша КТ/МРТ өту мүмкіндігі туралы біледі. Халықтың қажеттілігін ескере отырып, жыл сайын осы қызметтерді қаржыландыру да, жеткізушілер саны да артып келеді. Өткен жылы Қарағанды облысында МӘМС жүйесінде 17,5 миллионнан астам консультативтік-диагностикалық зерттеулер жасалды. Бұл – зертханалық талдаулар, УДЗ, ЭКГ, КТ/МРТ, бейінді мамандардың консультациялары, шалғай ауылдардағы жылжымалы медициналық кешендердегі тексерулер және басқалары. Аталған зерттеулердің барлығын тек көрсетілімдер болған жағдайда және дәрігердің жолдамасы бойынша алуға болатынын атап өткім келеді! Біздің кейбір азаматтарымыз жарна төлегендіктен, өз қалауы бойынша қандай да бір зерттеуге құқылы деп ойлайды. Тағы да ескертемін, қажеттілік болған жағдайда ғана өте алады.

Қандай санаттағы азаматтар үшін жұмыс берушілерге міндетті медициналық сақтандыру төлемдерін төлеу қажет емес?

– Мемлекет МӘМС жарналарын төлейтін азаматтардың санаттары бар. Олардың саны –  15. Бірақ жұмыс беруші олардың бесеуі үшін жарна төлемейді, олар: балалар, зейнетақы төлемдерін алушылар, мүгедектер, күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын студенттер және «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендермен марапатталған көп балалы аналар. Сондай-ақ МӘМС жарналарын төлеуден босатылған азаматтардың 3 санаты бар, олар –  әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері.

Биылғы жылы жарналар мен аударымдар қалай өзгереді?

– Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда бірыңғай жиынтық төлем тоқтатылды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар дербес төлеушілер сияқты 1 ЕТЖ-нің 5% құрайтын «МӘМС жарналары» төлеміне көшті. Жұмыс істемейтін азаматтар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар МӘМС жүйесіне алдыңғы кезеңдегі берешегін өтемей, 12 ай бұрын төлеген жағдайда қатыса алады. Өздеріңіз білетіндей, медициналық сақтандыруға дербес жарналарды жұмысқа орналаспаған және жеңілдікті санатқа жатпайтын азаматтар жасайды. Қалған азаматтар – жұмыспен қамтылғандар, ЖК, жеке практикамен айналысатын, АҚС шарты бойынша жұмыс істейтін адамдар сақтандыру мәртебесін алу үшін соңғы 12 айда қалыптасқан берешекті өтейді. Сондай-ақ, өзін-өзі жұмыспен қамтыған немесе жұмыс істемейтін азаматтар халықты жұмыспен қамту орталығына есепке тұра алады және МӘМС жарналарын мемлекет төлейтін «тіркелген жұмыссыздар» азаматтардың жеңілдетілген санатына кіре алады.

2024 жылдың басынан бастап дербес төлеушілер мен ЖК жарналарының сомасы ұлғайды. Бұл МӘМС үшін жарналар мөлшерлемелері байланыстырылған ЕТЖ ұлғаюына байланысты. 2024 жылы ай сайын дербес төлеушілер – 4 250 теңге, ЖК – 5950 теңге сомасын төлейтін болады, сондай-ақ жұмыс беруші жалақы қорынан қызметкер үшін жалақының 3% өзгеріссіз төлейді және 2% жалақыдан ұстайды.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button