Фараби мұрасы ұлықталды
Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өту – ЮНЕСКО-ның атаулы күндері мен оқиғаларының күнтізбесіне енген болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ұлы ұстаздың мерейтойына бағытталған шаралар елімізде кеңінен насихатталуда. Облыс әкімдігі мен академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің мұрындық болуымен өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция еліміздегі және әлемдегі төтенше жағдайға байланысты қашықтықтан өтті. Онлайн жиында алғашқылардың бірі болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов конференцияға қатысушыларды құттықтап, ғалымдардың жұмысына ғылыми-шығармашылық табыс тіледі. Қазақ даласынан шыққан ғұлама ғалымның еңбектері болашаққа бағдар жасауымызда баға жетпес қазына екенін тілге тиек етті.
Конференцияның тізгінін ұстаған ҚарМУ ректорының міндетін уақытша атқарушы, Ұлттық Академияның корреспондент-мүшесі, химия ғылымдарының докторы, профессор Еркебұлан Тажбаев Әбу Насыр әл-Фараби еңбектері арқылы адамзат өркениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқанын, ең ірі ғалым, философ және шығыс аристотелизмінің ең ірі өкілі атанғанын тілге тиек етті.
«ҚарМУ ғалымдары көптен бері Әбу Насыр әл-Фараби шығармашылығын зерделеп, жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Бай шығармашылық және ғылыми мұрасына халықтың және жұртшылықтың назарын аудару – басты мақсатымызға айналды. Әрине, философтың ғылыми мұралары бүгінде адамзаттың тұңғиық қазынасы. Әлі аударылмаған педагогикалық және психологиялық қаншама еңбектері, трактаттары бар. Осыны ескере отырып, жоғары оқу орнында ғылыми мұрасын зерттеу, ғалымның ғылыми материалдары бойынша бірыңғай деректер базасын құру – келер күннің енішісінде атқарылатын жұмыстар қатарына енгізілді.
1150 жылдық мерейтойына арналған «Заманауи қазақстандық контекстегі әл-Фараби» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямызға Чехия, Өзбекстан және алыс-жақын шетелдерді қосқанда барлығы 160 ғылыми мақала келіп түсті.
Ұлы ұстаздың жұмыстары мәңгілік зерттеуді қажет ететін тарихи жәдігер екенін жақсы білеміз. Ғалымдарымыз зерттеу еңбектерін алдағы уақытта студенттермен бөлісіп, кең ауқымда талқылайды деген сенімдемін», –деді Еркебұлан Тажбаев.
Профессор сондай-ақ, Ұлы ғалымның шәкірттері Әбу Әли ибн Сина мен Ибн Рушдтардың Европадағы қайта өрлеу мәдениетіне әсер еткеніне кеңінен тоқталды.
Ғалымдар ғылыми зерттеу жұмыстарының барысымен таныстырып, өзекті ойларын ортаға салды. Әсіресе конференция жұмысында тарих ғылымдарының кандидаты, Орталық Азияны зерттеулер Орталығының директоры Гүлнара Смағұлова, философия ғылымдарының докторы, профессор Владимир Батурин Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми еңбектерінің бүгінгі заманауи Қазақстандық ғылымды дамытуға тигізер пайдасын ерекше атап өтті. Ғылыми трактаттарын негізге алған ғалымдар философтың жұмыстарын зерттей отырып, ғылыми дерекқорын құруды ұсынды.
Қашықтықтан өткен жиында филология ғылымдарының докторы, профессор Берік Рахимов пен PhD докторы Дмитрий Афанасьев баяндама жасап, ғылыми тұрғыда зерделенген дәйектемелерін келтіріп отырды.
Жалпы ғалымдар арасындағы онлайн конференция пікірсайыс түрінде өтіп, қатысушылар сұрақтарын оффлайн үлгісінде жолдап отырды. Спикерлер өздеріне жолданған сұрақтардың барлығына ғылыми негізде тұщымды жауап берді.
Онлайн жиында ҚарМУ ғалымдарының ғылыми еңбектерінде Әл-Фарабидің мұраларын тереңдетіп зерттеуді қолға алып, оны студенттерге кеңінен насихаттау шешімі қабылданды.
Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»