FAKE NEWS: жалғандықта тұрақ жоқ
«Қазақстандықтарға арналған вакцинадан чип табылды. Адам мұндай вакцинадан кейін міндетті түрде тозаққа түседі-мыс. Тіпті, роликтің авторы тұрғындарға жіберген видео ескертуінде осындай чипі бар шприцтерді камераға көрсетті». Смартфоныңызға келген осы ақпаратқа сенгіңіз келмесе де, көңіліңізге күмән ұялады ма? Тіпті, осы мәтінді оқи бастағанда да байыбына бармастан, «шынымен чип бары расталған екен ғой?» деуіңіз мүмкін. Тура «Хабар» арнасындағы «Мен алдандым» айдары тәрізді. Мәселенің байыбына бармастан, ақпараттың «фейк» екеніне көз жеткізбестен, сеніп қалдық. Қоғам дертіне айналған жалған ақпараттардың да көздегені осы.
Түбі жоқ, не құйсаң да кете беретін, ештеңені талғамайтын Интернет. Әлеуметтік желілер, түрлі мессенджерлер. Минутына, сағатына, күніне келіп жататын жағымсыз ақпараттар. Бірі – жай ғана үркітіп қана қойса, бірі – пиар үшін, ал, келесі біреуінің нақты көздеген коммерциялық мақсаты бар. Ал, смартфон қолдан түспейтінін ескерсек, миымыздың осындай жалған дүниеге толып қалғанын өзіңіз де бағамдай беріңіз.
Мамандар жалған ақпараттың, оның ішінде теріс ақпараттың адам денсаулығына орны толмас орасан зиян келтіретінін айтады. Егер, бұған дейін деннің саулығына генетикалық бейімділік, вирустар мен бактериялардың әсері және экологиялық аспектінің әсері бар деп келсек, қазір төртінші себепті бөліп көрсетеді ғалымдар. Бұл – миымыздан өтетін фейк-ақпаратты өңдеп, қажетін ғана алып, қажет емесін санадан шығарып тастамау салдарынан болатын созылмалы күйзеліс. Қызығы, оның қатерлі жау көрмеген көпшілік қорғану қажеттілігінің жоқ деп есептеуінде. Яғни, фейк-ақпараттар психикаға шабуыл жасап, денсаулыққа білдірмей зиян келтіре береді.
Коронавирус инфекциясы таралғалы жалған ақпараттар тіпті өршіп кетті. Құзырлы органдар ресми дереккөздерден алынған ақпараттарға ғана сену керектігін ескертіп, фейк ақпарат таратушылар қылмыстық жауаптылыққа тартылады деп қанша ескерткенімен, «аузы күйген үріп ішеді» деген мәтел ақпаратқа келгенде жүрмейтін тәрізді. Қылмыстық жауаптылық демекші, Қылмыстық процесуалдық кодекстің 274-бабына сәйкес, көрінеу жалған ақпарат тарату бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, болмаса бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ал, бұл әрекет бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалса, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Болмаса, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Осы орайда әлем өзгерген сайын журналистиканың алдында да кезекті сын-қатер туындағанын айту керек. Шындықты көрсету, сөз бостандығын сақтау, коммерциялық шабуылға ұшырамау. Сонымен қатар, кейінгі кезде жиі айтылатын БАҚ беделі, әлеуметтік желі мен блогерлермен бәсекеде кім жеңбек? Әрине, жалған жаңалықтардың жалғыз бәсекелесі – сенімді ақпарат. Ол үшін уақыт керек болғанымен де, шындықтың аты – шындық, жалғанның аты – жалған.
Жалғандықта тұрақ жоқ. Архимедтің өзі: «Дайте мне точку опоры, и я сдвину Землю!» деді емес пе?! Демек, дені сау қоғам тірегі түрлі мақсатты көздеген фейк ақпараттар емес, фактіге негізделген шынайы ақпарат қана.
Салтанат ІЛИЯШ.