Еxit poll нәтижесі: сайлаушылардың 82,45%-ы Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс берді

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының тапсырысымен «Ашық қоғам» өңірлік зерттеу халықаралық институты жүргізген Еxit poll нәтижесі бойынша 20 қарашадағы кезектен тыс Президент сайлауындағы сайлаушылардың 82,45 пайызы кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты жақтап дауыс берген.

«Ашық қоғам» өңірлік зерттеу халықаралық институтының өкілдері Exit poll-дың стандартты әдістемесі бойынша, сайлау учаскесіне барған сайлаушылар арасында сауалнама жүргізіп, «Сіз қай кандидатқа дауыс бердіңіз?» деген сауал қойған.

«Барлық өңірлерде орналасқан 354 сайлау учаскесінде 1062 интервьюрлер Қазақстанның 304 мыңнан астам азаматына сауалнама жүргізді. Сайлаушылардың келуі 68,7 пайызды құрады», — деді институт өкілі.

Сонымен, Exit-poll нәтижесі мынадай:

Қасым-Жомарт Тоқаев —82,45%;

Мейрам Қажыкен —2,23 %;

Жигули Дайрабаев — 3,33%;

Қарақат Әбден — 2,54%;

Салтанат Тұрсынбекова — 2,08%;

Нұрлан Әуесбаев — 2,17%;

Бәріне қарсымын – 5,2%.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, сағат 22.00-дегі жағдай бойынша республиканың 8 299 501 азаматы бюллетень алды. Ол — тізімге енгізілген азаматтардың 69,43 пайызы деген сөз. Ал, 4 өңірде сайлаушылардың 80 пайыздан астамы дауыс берген. Барлық өңірде 10 033 учаске жұмыс істеді.

Сонымен қатар шет мемлекеттердегі Қазақстан өкілдіктері жанындағы 68 учаскенің бірнешеуі қазіргі уақытта жұмысын аяқтады.

Телемост барысында жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Кемелұлы сөз сөйлеп, халыққа алғысын білдірді. Шара соңы естелік фотоға түсумен тәмәмдалды.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ