Спорт

Евгения ерледі

Оңтүстік Кореяда өткен Азия кубогының сайысында қарағандылық спортшы Евгения Вадутова жүлделі екінші орынды еншіледі. Шаңғыроллер жарысы 4-8 тамыз аралығында Пхёнчхан қаласында өтті.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Бұл додада Корея, Филиппин, Тайпей, Моңғолия, Қытай және Қазақстаннан 74 спортшы бәсекелесті. Қазақстан құрамасының сапында Қарағанды облысынан жеті спортшы бақ сынап, оның екеуі үздік нәтиже көрсетті.

Евгения Вадутова классикалық әдіспен өткен 1 шақырымдық спринтте күміс медаль жеңіп алды. Оған Азия кубогының спринтерлік есептегі лидерлік жейдесі табысталды.

– Бұл жейде – ерекше мәртебені білдіретін спорттық жейде. Жарыс кезінде барлық спортшы өз нөмірлері жазылған киіммен шықса, ал, топ көшбасшыларына арнайы «Лидер» деген жазуы бар жейде беріледі. Онда нөмір болмайды, – деп түсіндірді Қысқы спорт түрлері бойынша Олимпиадалық даярлау орталығының аға жаттықтырушысы Максим Щербаков.

Жарыста тағы бір қарағандылық спортшы Диляра Байсекеева да жоғары нәтиже көрсетті. Ол спринтерлік қашықтықта мәре сызығын алтыншы болып кесті.

– Әр кезең сайын жарыстың әлеуеті де артып келеді. Қатысушы елдер жарысқа толық құрамда келуге тырысып жатыр. Бұл жолы көптеген елдердің негізгі құрамы қатысты. Ал, біздің жасақ – толық құрамда болған жоқ. Негізгі құрам алдағы Олимпиадаға дайындалып жатыр, – деді Максим Щербаков.

Азия кубогының келесі, үшінші кезеңі 4-7 қыркүйек аралығында Қазақстанның Щучинск қаласында өтеді.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button