Еуропа жұртын тамсандырып…
Қазан айының 8-14-і аралығында Сербияның Крагуевац қаласында «Joakimfest» XIX халықаралық театр фестивалі өтті. Фестивальге қатысқан 8 театрдың қатарында Қазақстаннан шақырылған Қарағандының С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры да бар. Фестивальде өнер көрсеткен негізінен Сербия театрлары. Белградтағы драма, балет және опера ұлттық театры мен Сербияның княздық театры, Белград драма театры мен «Fort Forno» Истрия ұлттық театры, «Mostar» Хорватия ұлттық театры, Сараево, Хорватия, Босния мен Герцеговинаның мәдениетті дамыту Ассоциациясының «Intermezzo» театрлары бірігіп, бір қойылым көрсетсе, Черногорияның «Tivat» мәдени орталығы, Словенияның Люблиана қаласындағы «Glej» театры түрлі жанр мен тақырыптағы спектакльдерін ұсынды. Сәкен театры сербтерге әйгілі жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің режиссер Айдын Салбан сахналаған «Атаукере» драмасын алып барды.
Нәтижесінде Joakimfest 19-шы халықаралық театр фестивалінің қазылар алқасы С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының «Атаукере» қойылымы артистерінің актерлік шеберліктерін жоғары бағалап, «Үздік актерлік ансамбль» арнайы сыйлығымен марапаттады.
Жоғары дәрежелі «Joakimfest» XIX халықаралық театр фестивалінің қазылар алқасының құрамына театр сыншысы, театртанушы, драматург Александр Милосавлевич (Сербия), театр режиссері және Белградтағы Өнер институтының драма өнері факультетінің оқытушысы Ивана Вуич (Сербия), актер және театртанушы Миролюб Миятович (Босния, Герцеговина) секілді театр өнерінің майталмандары енді.
Сәкен театрының баспасөз қызметкері, белгілі журналист Сағат Батырханқызы фестивальдегі әсерімен бөлісті.
– Басында жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің терең философиялық ойға құрылған «Атаукере» шығармасы бойынша инценировкасын режиссер Айдын Салбанның өзі жасаған қойылымымызды сербтер қалай түсінер екен деген қобалжудың да болғаны рас. Дегенмен, сахнаның жоғарғы жақ маңдайында серб тіліне аударылған титр қатар беріліп отырғанда, залда шыбынның ызыңы естілердей тыныштық орнады. Екі сағат 10 минутқа жалғасқан спектакль аяқталғанша, ешкім орнынан қозғалған жоқ. Қойылым біткенде серб көрермендердің көңіл күйі олардың дүркіретіп қол соққандарынан айқын аңғарылды. Ұлттық музыкамыз, әсіресе, домбыраның қоңыр үні мен артистеріміздің ойыны қатты ұнағанын айтты сербиялық көрермендер, – деді Сағат Батырханқызы.
Сағат Батырханқызының күнделігіндегі дерекке сүйенсек, бұл театр фестивалі Сербияда зор беделге ие. Фестивальдің негізі XIX ғасырдың екінші ширегінде қаланған және Сербияға театрды әкелген Йоаким Вуйчтың атымен аталған. Фестиваль бастау алғаннан бері Крагуевац қаласына әлемнің 25 мемлекетінен театр ұжымдары келіп, 150-ге жуық спектакль қойған екен.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz