АймақҚарқаралы

Еуропа төрінде – Қазақ өнерінің «Салтанаты»

Қарқаралыдағы елу бес жылдық тарихы бар «Салтанат» халықтық ән-би ансамблі бәрімізге жақсы таныс. Кезінде арнайы шақыртулармен жарты әлемді шарлап, қазақтың халықтық өнерін талай елге танытқан өнер ұжымы кейінгі жиырма жылдың мұғдарында алыс сапарлардан шектеліп қалғандай еді. Жақында ансамбль Польшада өтетін халықаралық «Świat Pod Kyczerą» фольклор фестиваліне шақырту алып, Қарағанды облысы мен Қарқаралы ауданы басшылығының қолдауымен сол өнер байқауына аттанып кетті.

Суретті түсірген Тишбек Хамитов

Жарты ғасыр ішінде өнер ұжымының құрамы әрдайым толысып, жаңарып отырғаны белгілі. Осы жолы танымал өнер майталманы Темірбек Сыздықов даярлаған, отыз бес адамнан құралған ән-би ансамблі Еуропа төріне мықты әзірлікпен аттанды. Репертуары бай тәжірибелі ансамбль поляк елінде лайықты өнер көрсетіп, қазақтың әні мен биіне әлем халқын тамсандырып қайтарына сенімдіміз.

Дүниенің әр түпкірінен жиналған өнер ұжымдары алдымен бірнеше топқа бөлініп, Польшаның Легница, Лосице, Шпротава, Польковице, Хойнув, Верчице, Волув, Поляница-Здруй, Рудно, Заменице елдімекендерінде концерт қояды. Бұлардың біразы қалалар, кейбірі қала үлгісіндегі шағын қоныстар. Фестивальдің бір ерекшелігі – оған қатысушы өнерпаздар сахнада ғана емес, әр қаланың орталық көшелерінде болатын халықтық шерулерге де қатысып, өз елдерінің өнерін паш етеді. Ұйымдастырушылардың негізгі мақсаты – дүние жүзіне әлем халықтарының ұлттық дәстүрлері мен өнерін дәріптеп, бейбітшілік идеяларын насихаттау. Фестивальда әр мемлекеттің өкілдері өз халқының сахналық өнерімен қатар салт-дәстүрлерін, ұлттық қолөнер және тағам өнімдерін де насихаттай алады.

«Салтанат» ән-би ансамблі фестиваль бағдарламасы бойынша негізінен Легница қаласында өнер көрсетеді. Фестиваль шырайын Гала-концерт, басқа да мерекелік кештер аша түспек. Он күнге созылатын өнер мерекесінің аясында жерлестеріміз Легница қаласы басшылығының құрметті қабылдауында да болады.

Фольклорлық фестивальдің салтанатты жабылуы 7 шілде күні болады деп жоспарланған. Айт­қандай, осынау өнер додасының барысы «Świat Pod Kyczerą» халықаралық фольклор фестивалінің әлеуметтік желідегі парақшалары мен арналары арқылы тікелей эфирден көрсетіліп отырады.

«Салтанат» халықтық ән-би ансамблі ұжымының Еуропа төрінде сәтті өнер көрсетіп, елге аман-есен, абыроймен оралуына тілектеспіз!

Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
Қарқаралы ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button