Бас тақырып

Туған күніңмен, Қарағанды!

Бүгін – қазыналы Қарағандының туған күні. Тоқсан екінші белесі. Ғасырға жуық уақыт аралығында жер жүзі таныған қаланың өткені – өнегелі, бүгіні – берекелі, келешегі – кемел! Кеншілердің астанасы атанып, өндірістің жүрегіне айналған қала ел экономикасына ертеден елеулі үлес қосып келеді.
Қарыштаған Қарағанды! Мерейі тасыған мегаполис! Дәулеті тасып, сәулеті артқан Арқаның бас қаласы!

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

Әуелі, қазыналы қаланың қатпар-қатпар тарихына шолу жасап алайық: 1934 жылғы 10 ақпанда «Қарағанды көмір бассейнін пайдалану жөніндегі мемлекеттік трест құрылысының аумағында пайда болған елдімекен» ресми түрде Қарағанды қаласы болып қайта құрылғанын көреміз. Ол кезеңде болашақ шаһар бүгінгідей біртұтас қала емес, Ескі қала, Майқұдық, Тихоновка, Жаңа Тихоновка, Компанейск, Михайловка, Федоровка, Узенка сынды шашыраңқы орналасқан жұмысшы ауылдарынан ғана тұрған еді. Алайда, уақыт талабына сай бұл елдімекендер біртіндеп, ірі индустриялық орталыққа айналды.

Қарағандының, шын мәніндегі, үлкен құрылысы КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің 1936 жылғы 3 тамыздағы қаулысымен басталды. Осы тарихи шешімге сәйкес Қарағанды облыс орталығы мәртебесіне ие болып, қала дамуы қарқын алды. Мәскеудегі «Мособлпроект» институтының жобалаушылары – сәулетшілер А.Кузнецов, А.Карнаухов, О.Кепне және П.Шумский әзірлеген бас жоспар 1938 жылы бекітілді. Ал, 1939 жылы Қарағандыдағы Жаңа қаланың егжей-тегжейлі жоспары қаралып, мақұлданды.

Дегенмен, сол кезеңдегі қала құрылысы мінсіз болды деу қиын. Бас жоспардағы елеулі кемшіліктердің бірі – Жаңа қаланың құрылысы үшін таңдалған аумақта 500 метр тереңдікте көмір қорының орналасуы еді. Сәулетшілер қала жоспарын қағаз бетінде сызған тұста, Қарағандының нақты құрылысы Бұқпа өзенінің солтүстік-шығыс жағалауында қарқынды жүріп жатты. Өмір өз түзетуін енгізді.

Соған қарамастан, небәрі 5-6 жылдың ішінде кең көшелері мен жасыл алаңдары, көпқабатты тұрғын үйлері, мектептері мен ауруханалары, қонақ үйлері, дүкендері, моншалары мен әкімшілік ғимараттары бар жаңа қала бой көтерді. Жол төсеу, тротуар салу, көшелерді жарықтандыру, көгалдандыру, кәріз жүйесі мен су құбырларын тарту сияқты абаттандыру жұмыстарына айрықша мән берілді.

Осы кезеңдегі қаланы құраушы негізгі өндіріс – «Қарағандыкөмір» тресі болды. Партияның «Қарағандыны бүкіл Қазақстанмен, бүкіл Кеңес Одағымен бірге тұрғызамыз!» деген ұраны ел ішіне серпін берді. Мәскеу мен Ленинградтан, Донбасстан және өзге де өңірлерден Қарағандыға білікті инженерлер мен жұмысшы кадрлар, ғалымдар, педагогтер, медицина және мәдениет саласының мамандары ағылып келді.

1934 жылдың өзінде-ақ Қарағанды халқы 100 мыңнан асты. Жаңа қаланың жедел құрылысын қажетті кірпішпен Федоровкадағы кірпіш зауыты қамтамасыз етті. Жылына 20 миллион кірпіш өндірген бұл зауыттың 2005 жылдың сәуіріне дейін үздіксіз жұмыс істеуі – оның қаланың дамуындағы орнының айқын дәлелі.

Сол жылдары 41 көппәтерлі тұрғын үйдің жедел құрылысы басталып, құрылысшылар нағыз еңбек ерлігінің үлгісін көрсетті. 8 сағаттық жұмыс күнінде жоспарланған 10 620 кірпіштің орнына 25 300 кірпіш қалап, рекордтық нәтижеге қол жеткізілді. Ал, 1934 жылғы 7 қарашада «Союзстроитель» ұйымы 42 тұрғын үйді және тәулігіне 15 мың адамды ыстық тамақпен қамтамасыз ететін зауыт-асхананы пайдалануға берді.
Қазіргі Қарағанды – өндіріс пен инновация қатар дамыған өңір. Құрылыс саласы қарқын алып, жаңа шағынаудандар бой көтеруде. Қала күн сайын жаңарып, тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыруға бағытталған жобалар жүзеге асуда.

Осы орайда шаһардың алдағы дамуын айқындайтын 2040 жылға дейінгі Бас жоспар қаланың ертеңіне арналған нақты бағдар деуге болады.

– Құжатта аумақтық даму, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым, көлік жүйесі мен экологиялық шешімдердің негізгі қағидаттары қамтылған. Жоспарға сәйкес, қала аумағы Көкпекті кенті мен «Сарыарқа» әуежайын қосу арқылы 50 мың гектарға дейін ұлғайып, халқы 614 мың адамға дейін артады. Өсудің басты бағыты – Солтүстік-шығыс пен Оңтүстік-Шығыс аудандары арасындағы Көгілдір тоғандар аумағы. Мұнда Триатлон-парк пен «Карат» ипподромын біріктіретін, 25-30 мың тұрғынға арналған жаңа шағынаудан бой көтермек. Қала көлігін дамыту үшін жаңа магистральдар, жеті жол айрығы және тоғыз жол өтпесі салынады. Сонымен қатар, 300 шақырым велосипед жолы, орталық өнеркәсіптік аймақты сауда-кеңсе ауданына айналдыру, жаңа қосалқы электр станциялар мен ТЭЦ-4 құрылысы жоспарланған. Әлеуметтік сала да назардан тыс қалмайды: 36 жаңа мектеп, 44 балабақша, 10 денсаулық сақтау және 10 сауықтыру орталығы салынады, ал қаланың жасыл келбетін сақтау үшін жаңа саябақтар мен гүлбақтар ашылады. Бұл Бас жоспар – Қарағандының болашағына сенімді қадам, жаңа серпіннің нышаны, – дейді қала әкімі Мейрам Кожухов.

Ғасырға жуық тарихында Қарағанды талай кезеңді бастан өткерді. Бүгінгі таңда ол – болашағын нақты жоспармен айқындап отырған, дамуға бағыт алған қала.
«Мұның бәрі сөзбен айтсаң – тыныштық
көзбен көрсең?..
О, түсінем, түсінем:
Қарағанды кайнап жатыр, бір ыстық,
бір керемет жүректердің күшімен…», деп жырлаған жоқ па өлеңнің өзі Жұмекен Нәжімеден! Жыр жүйрігі Жұмекен жырлаған қайнаған, жайнаған Қарағанды, қарыштай бер!

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button