“Этномәдени бірегейлікті қалыптастыра алмасақ, ұрпақ өзін қазақ сезінбейді”
Бүгінгі таңда ұлттың рухани қауіпсіздігі мен мәдени тұтастығын сақтау – мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің бірі. Әсіресе, жаһандану заманында ұлттық ерекшеліктерімізді сақтап қалу күн тәртібіндегі өткір тұрған мәселенің бірі. «Мәдениет – ұлттың жаны» дейміз ғой. Бірақ, ол өнер туындыларымен немесе мұражайдағы жәдігерлермен ғана өлшенбейді. Осы жолда материалдық
емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитеті қызмет етеді. Бүгінде комитет төрағасының
орынбасары, ЮНЕСКО сарапшысы Рустам Мұзафаров қарағандылық бір топ журналистпен кездесіп, рухани құндылықтар жайында сөз қозғады.

Рустам Рахимұлы өз сөзінде «Ұлттық болмысты сақтау жолында қоғам, отбасы және бұқаралық ақпарат құралдары ортақ жауапкершілік жүгін көтеруі тиіс» дейді. Әлбетте, бұл дегеніңіз жеке бір саланың ғана шаруасы емес. Тұтас ұлт болып, қолға алатын ұлы мұрат. Осы бір кездесу барысында мәдени мұраны кеңінен дәріптеп, ұлттың рухани байлығына қоғам назарын қайта бұрудың маңыздылығы жайында кеңінен тоқталды.
– Материалдық емес мәдени мұраны сақтау – еліміздің рухани тұтастығы мен болашағы үшін аса маңызды міндеттердің бірі. Президенттің бұл мәселені Ұлттық Құрылтай мінберінен арнайы көтеруі де тегін емес. Өйткені кез келген мемлекеттің тәуелсіздігі, ең алдымен, оның азаматтарының елдік санасына тікелей байланысты. Егер біз этномәдени бірегейлікті қалыптастыра алмасақ, ертеңгі ұрпақ өзін қазақ ретінде сезінбейді. Тамырынан ажырап, космополиттік санада өсетін болады. Қай елде өмір сүріп жатқанына мән бермейтін буынға айналуы да әбден мүмкін. Этномәдени сана мен ұлттық болмысты қалыптастыру тек мектептің ғана емес, отбасының да жауапкершілігі. Бұрын бұл – табиғи, қалыпты тәрбие болатын. Ата-ананың, үлкендердің сөзін тыңдау – әдеп пен ізеттіліктің белгісі саналатын. Иә, жастар бұрын да өз ойын айтатын, кейде пікір таластыратын да. Бірақ, олар үлкенді құрметтеуді, салт-дәстүрге амалсыз емес, саналы түрде бойұсынуды өздігінен түсінетін. Жас келген сайын ата-әжесінің, әке-ше- шесінің әрбір сөзі мен ісінің астарында қаншалықты терең мағына жатқанын ұға бастайтын. Міне, осындай ұрпақ сабақтастығы – қазақ мәдениетінің ғасырлар бойы үзілмей жетуінің басты тірегі болды, – деді Рустам Рахимұлы.
Христиан діні қазіргі Қазақстан аумағына III ғасырда, яғни Ресей мен Сирияға қарағанда бес ғасыр бұрын келген. Ал, IX ғасырдан бастап елімізге буддизм мен ислам діндері тарай бастады. Соған қарамастан, халқымыз өзінің төл мәдениетінен ажырап қалған жоқ.
Осы тарихи үрдістерге тоқталған Рустам Рахимұлы рухани және мәдени мұраны сақтау ісінде БАҚ-тың маңызына ерекше назар аударды. Әрі журналистерді мәдени құндылықтарды кеңінен насихаттауға, қоғамда рухани бірегейлікті нығайту жолында белсенді болуға шақырды.
– Мысалы, біз зираттың жанынан өтіп бара жатқанда бетімізді сипап, дұға жасаймыз. Бұл не үшін? Әрине, аруақтар үшін. Бұл – біздің болмысымыздағы айрықша ерекшелік. Біз Тәңір дейміз. Ағашқа ақ шүберек байлаймыз. Алайда бұл – біздің сенім. Біз осылай сенеміз. Өйткені, бұл дегеніңіз ғасырлар бойы қалыптасқан көпқырлы рухани дүниетанымның бірегей көрінісі. Осы дін мен дәстүрдің өзара қабысуынан туған дүниетаным бізді қазақ етеді. Біздің рухани болмысымыз, ұлттық кодымыз – осы. Ұлт ретінде жойылып кетпей, бүгінге дейін тамырымызды үзбей жетуіміздің сыры да осында, – деді Рустам Рахимұлы.
Кездесу барысында спикер журналистердің сауалына жан-жақты жауап берді. Әрі комитеттің негізгі қызмет бағыттары мен алдағы жоспарлары жөнінде кеңінен тарқатты.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan