Басты тақырып

Ет сасыса – тұз себеміз, су сасыса не себеміз?

Ақысын  ай сайын төлесе де, жылы сумен жібі түзу жарытпаған жауапты ұйымдарға Қарағанды жұр­тының өкпесі – қара қазандай. Шүмектен шыққан ыстық судың «түрлі-түрлі»  иісі  қарағандылықтарды түңілдірген. Амал жоқ, тұрғындар тас­түйін  жергілікті билікке жүгінген-тін. Обалы нешік, билік бірден әрекетке көшті. Ат төбеліндей комиссия құрып, тұрғындардың әлеуметтік желіде жиі жарияланған өкпе-назының ақ-қарасын анықтауға бел буды. Соған орай, желтоқсанның соңғы жұлдыздарында судың сапасын тексеру үшін аудандық әкімдіктер, Қарағанды қаласы тіршілікті қамтамасыз ету бөлімі, «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС, жылу беруші «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС, «Қарағанды су» ЖШС өкілдерінен жасақталған арнайы комиссия  атқа қонғаны мәлім. Комиссия әлі ат үстінде. Бұқара –  қорытындыға алаң. Базынасынан бір пәтуа шығарына үмітті. «Ет сасыса тұз себеміз, су сасыса не себеміз?» деген көптің сауалына тұщымды жауапты осы топ бермек…

Комиссия суды тазалау стансасынан бастап, үйдегі шүмектен ақ­қанға дейінгі  аралықтағы барлық үрдісті жіті бақылауды мінде­тіне алған. Өйткені, бұған дейін «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС тұрғындарға берілетін су сапасының ұдайы қадағалауда екенін мәлімдеген еді. Аталған ұйымның айтуынша, жыл сайын жылу желілерін және жылутұтынатын жүйелердің жуылуына зертханалық бақылау жүргізілуде. Химиялық және бактериялық көрсеткіштер қорытындысы талапқа сай. Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау үнемі жүзеге асады. Бірақ, бір қызығы, судан ол арада мұндай жат иіс шықпайды.

Әлеуметтік желідегі парақшасында  «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС  бұған дейін бүйдейді…

«Қарағанды қаласының жылу желісіне су дайындаумен жылукөзі – ЖЭО-3 айналысады. Жылу желілері судың химиялық тәртібін және су желісінің сапасын бақылаушы жылутаратушы ұйым болып табылады. Қарағанды қаласында жүзеге асырылатын сумен жабдықтаудың ашық жүйесіндегі су желісі үшін Электрстансаларды және желілерді техникалық пайдалану ережесінен бөлек,  2015 жылғы 16 наурыздағы №209  Санитарлық ереженің талаптары сақталуы керек. Онда химиялық көрсеткіштер бойынша қосымша шектеу­лер енгізілген. Сапасы ауызсумен бірдей болуы тиіс ыстық судың түсі, иісі, лайсаң болмауы тиіс.

Ашық су жинау бойынша жылумен жабдықтау жүйесін пайдаланудың көп жылғы тәжірибесі тұтынушыларға берілетін судың сапасын толыққанды қамтамасыз ету мүмкін еместігін көрсетеді. Ыстық су беруді ұйымдастырудың  мұндай сызбасы бойынша бөлінетін су жылу құрылғылары арқылы алынады, яғни, үй ішіндегі шүмекке келгенге дейін бұл су барлық жылу жүйесінің бірнеше циклынан өтуі мүмкін. Егер, тұтынушылардың  жылу құрылғыларының біршама таттануы дерегін ескерсек, циркуляция кезінде желілік судың физикалық-химиялық көрсеткіштері төмендеуіне әкеліп соғады. Егер, үй ішілік жылу жүйесі жылу беру маусымына дайындық барысында толыққанды жуылмаса, жағымсыз исітердің шығуы мүмкін. Қарапайым тілмен айтқанда, ыстық судың өзіне тән «хош иісін» нашар жуылған батареялардың  кірі, бактериялары және шайындылар туындатады..»

Жылу беретін ұйымдар не десе де, әйтеуір, тұрғындардың арызы негізсіз емес. Желінің бір жерінде бір кәкір бары анық. Әйтпесе, тазарту стансасынан кінәрат табылмайтын судың пәтерлерге жеткенде «иісі» неге шығады? Комиссия атқа қонғанда осының ақ-қарасына көз жеткізбекші еді.

«Теплотранзит Қарағанды» ЖШС баспасөз қызметі комиссияның барлық деңгейдегі су беру желісін аралап көргенін айтады.  «Комиссия қаңтардың 4-і күні «Қарағанды судың» су тазалаушы стансасына, «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС ЖЭО -3-ке, «Теп­лотранзит Қарағанды» ЖШС химия­лық  зертханасына, Бұқар жырау даң­ғылы бойындағы 96 үй, 8 пәтерге  барды. Бұл үйдің ПИК-і – «Ардана 1». Комиссия баратын үйлер, ресми шағымдар түспегендіктен әлеуметтік желілер арқылы жарияланған мә­­лі­­­меттер негізінде алынды»,– дейді «Теп­лотранзит Қарағанды» ЖШС бас­пасөз қызметі. Енді, тексеріс қо­рытын­дысын комиссия жария етеді.Көп көңілі – комиссияда.

Қызғалдақ  АЙТЖАНОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button