Ет, сүт өндірісінде – еселі көрсеткіш
Өткен жылы облыста 130,5 мың тонна ет өндірілген. Бұл, 2015 жылмен салыстырғанда, 2,6%-ға артық көрсеткіш.
Мал мен құстың барлық түрлерінің етін өндіру құрылымындағы айтарлықтай үлес сиыр етіне тиесілі көрінеді. Барлық ет өнімдерінің 46,5%-ы. Қой еті мен қозы еті 18,3%-ды құраса, жылқы еті – 18%, шошқа еті – 9,8%, құс еті – 7,3%, түйе еті – 0,1%.
Ал, аудандардың үлесін сараласақ, көштің басында Бұқар жырау ауданы (19%) тұр. Өндірілген еттің Қарқаралы және Шет аудандарына – 14,6%-дан, Жаңаарқа ауданына – 11%-ы тиесілі.
Сиыр сүтін өндіру көлемі де (6,6%-ға) артқан. Нәтижесінде, 430,1 мың тоннаны құрады. Табиғи өнім көлемін өндіруде Шет, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарының шаруашылықтары ілгері басқан. Оларға облыс бойынша өндірілген сүт көлемнің 44,6%-ы тиесілі.
Тауық жұмыртқасын өндіру 622,4 млн. дананы құрады. Бұл, 2015 жылмен салыстырғанда, 0,3%-ға аз.
Тауық жұмыртқасының негізгі көлемін Бұқар жырау (55,7%) және Абай ауданының (35,5%) ауыл шаруашылықтары өндірген.
Мұндай ресми деректерді елдің Статистика комитеті алға тартып отыр.
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ