Бас тақырып

«Ortalyq Qazaqstan» газеті халықпен 23 615-інші рет жүздесіп отыр

ХХІ ғасырдың алғашқы ширегін түйіндеп, жаңа үміт жетегінде 2026 жылдың табалдырығын аттадық. Қазақы танымда «Табалдырықтан биік тау жоқ» деген тәмсіл бар. Яғни, адамзат қоғамы тағы бір биікті бағындырып, талабы таудан биік жаңа кезеңге өтті.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қадірлі оқырман!

Арқа баспасөзінің абызы «Ortalyq Qazaqstan» газеті өздеріңізбен 23 615-інші рет жүздесіп отыр. Биыл өзінің 95 жылдық мерейтойын атап өтетін арда басылым жаңа дәуірге байыр­ғы дәстүрінен айнымай, байсалды ұстаныммен қадам басты. Уақыт шығыршығының тоқтамайтыны секілді, жаңару жолы да кері кеткенді кешірмейді. Қазақстанның соңғы жылдардағы жаңғыру кезеңіне шолу жасаған ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев күні кеше ғана «Turkistan» газетіне берген сұхбатында: «Мен барлық мемлекеттік қызметшілерге тоқмейілсіп, масайрап отыруға мүлде болмайтынын үнемі айтамын. Шығыс халықтары «Тегіс жолдың өзінде тосқауыл бар» дейді. Біз тынымсыз еңбектеніп, тек алға ұмтылуымыз керек», – деген тағылымды түйін айтты. Жаңа дәуірдің де талабы – осы.

Оқырманға жаңа жылдық арнауымды Мемлекет басшысының осы сұхбатындағы оқшау ойларымен өрбіткенді жөн көрдім. Президент сұхбат барысында: «Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі, әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қырыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімнің деңгейінде қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады. Қазіргі таңда баспасөз заман талабына бейімделіп, ақпарат айдынынан өз орнын тауып отыр», – деген орамды ойымен бөлісті.

Мемлекет басшысының бұл пікірі маған біздің «Ortalyq Qazaqstan» газеті туралы ой тербеп отырғандай әсер қалдырды. Өйткені, «Орталықтың» дәстүрі бай, мазмұны терең, ұстанымы берік басылым екенін мыңдаған оқырман пікірі қуаттайды. Ел Президенті осы жолғы сұхбатында емеурін еткен жан-жақты шолулар мен терең сараптамалар біздің басылым беттерінде сәт сайын жарияланып, оқырман қауымның шынайы бағасын алып келеді.

Өкінішке орай, биылғы жылы «Орталықтың» таралымы сәл төмендеп, жаңа жыл табалдырығын 4 000-ға (2025 жылы 4 638 дана болған) жуық оқырманмен аттап отырмыз. Бұл – жалғыз «Орталықтың» емес, барша мерзімді баспасөздің басына төнген сындарлы сәт. Гаджет пен газеттің тайталасы ушығып барады. Дегенмен, Қасым-Жомарт Кемелұлының «Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр» деген сөзінің өзі көңілге үміт ұялатып, сенімге серпін беріп отыр.

Ұлтымыздың ақтаңдақ жылдардағы тарихын зерттеп жүрген тарихшыларымыз ашаршылық нәубетінде 2,5-3 миллион қазақстандық қаза тауып, саяси қуғын-сүргін кезінде 103 мың қазақстандықтың тағдыры талқыға түскенін жазады ғой. Енді бір 20-30 жылдан кейін отандық баспасөз тарихын зерттеушілер де қазақ басылымдарының таралымы күрт азайған жылдарға зейін қойып, зер салатын шығар. Соларға қиын болмас үшін, бұл үрдістің себебін бірден ашып жазайық. Ол – сан мыңдаған замандасымыздың әлеуметтік желіге саналы түрде ден қоюуы.

Сонда да, біз – бәсекеге қабілеттіміз! «Мерзімді басылымның күні өтті» дегендер қатты қателеседі. Редакциядағы жастардың шығармашылығын қанаттандырып, жігерін ынталандыруда «Saryarqa Aqparat» медиахолдингі басшылығының қолдауын сезіне отырып, алға қадам баса береміз. Жаңа талап, жаңа үрдісті жатырқаған кезіміз жоқ.

Төрт мың шаңырақтың пошта жәшігінен табылатын «Орталықтың» оқырманы олқы деп айта алмаймыз. Өйткені, әр отбасында газет оқитын төрт адам болса, біздің газетті 16 мың оқырман тұтынады екен. Сонымен қатар, «Орталықты» іздеп оқитын, сарғая күтіп отыратын оқырмандарымыз бар екені қуантады. Поштаның жеткізу қызметінің олқылығы салдарынан газеттің кезекті саны кешіксе, дереу қоңырау шалатын оқырман баршылық. Ондайда, «Қазпошта» қызметіне деген өкпе-назымыз бірден тарқап, «Орталықты» іздеу салып оқитындардың ықыласына қуанып қаламыз.

Тәуелсіздігіміздің 35 жылдық белесін безбендеп, байырғы басылымның 95 жылдық мерейтойын дәріптейтін мерейлі жылда сүйікті газеттеріңіз өздеріңізбен жаңа айдар, тың тыныспен қауышпақ ниетте. Иә, Қазақстан әлемдегі цифрлық державаға айналып келеді. Биылғы жыл Президент Жарлығымен «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жарияланды. Цифрландыру – әлеуметтік желіге байлану емес, озық технологияның орасан игілігіне кенелу.

Тарихыңызды танып, талғамыңызды қалыптастырғыңыз келсе, танымдық дүние – тик-токта емес, газетте. Есті сөзбен еңсе көтергіңіз келсе, гаджетке емес, газетке үңіліңіз. Есті сөз ескірмейді!

Жаңа жылдарыңызбен!

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Back to top button