Естай Айтуғанұлы: Міндетіміз – халықтың ынтымақ-берекесін арттыру
Алдымызда мұсылмандар үшін аса қасиетті һәм қастерлі Рамазан айы келе жатыр. Мүміндер ас-судан бас тартып, тәнін ғана емес, жанын да сауықтыру үшін отыз күн ораза тұтады. Қасиетті ай қарсаңында ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы, облыстық Әнет баба мешітінің Бас имамы Естай Айтуғанұлымен сұхбаттасқан едік. Ол Рамазан айына дайындық барысын айтып, еңсерілген міндеттерге, атқарылған жұмыстарға да тоқталды.

– Биыл пітір садақасының мөлшері жан басына шаққанда қанша және Қадір түні, Ораза айт қашан?
– Пітір садақасының мөлшері жан басына шаққанда – 655 теңге. Бұл мөлшер Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде бекітілді. Қадір түні – наурыз айының 26-сынан 27-сіне қараған түні. 30 наурыз – Ораза айт. Өздеріңізге белгілі, бүгінде технологиялар қарыштап дамып, тіршілігіміздің жеңілдеуіне едәуір ықпал етуде. Мәселен, пітір садақаны Kaspi.kz, Halyk Homebank, ForteBank, БанкЦентрКредит, Astana Plat, Bereke Bank мобильді қосымшалары арқылы беруге болады.
– Жалпы, Рамазан айына дайындық қалай жүріп жатыр?
– Дайындық қарқынды жүріп жатыр. Жылдағыдай төралқадан тиісті тапсырмалар мен нұсқауларды алдық. Жергілікті әкімдіктердің көмегімен қасиетті айға қатысты баннерлер мен ақпараттар ілініп, мешіттер безендірілуде. Күрделі жөндеуді қажет ететін мешіттерге баса мән берудеміз. Рамазан айында тарауық намазына келетіндердің қатары қалың болатыны белгілі. Осыған байланысты мешіттердегі тазалықтың сақталуын қатаң бақылауда ұстаймыз.
– Бұрындары Құран хатым түсіретін қарилерді көршілес елдерден алдыртатын едік. Қарилер өңірімізде әлі де тапшы ма?
– Рамазан айы кезінде облыстағы барлық мешіттерде Құран хатым түсіріледі. Мешіттер қарилермен қамтамасыз етілген. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының нұсқауымен Түркиядан бір қари шақырттық. Басқасының бәрі – Қазақстан Республикасының азаматтары. Өңірімізде қарилер тапшылығы бар. Өйткені, қарилерді даярлайтын орталығымыз жоқ.
– Қазір облыста қанша мешіт бар?
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмыс жоспарына сай өңірде 131 мешіт халыққа қызмет көрсетеді. Соның ішінде 8 мешіт жаңадан бой көтерді. 22 мешіт күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ қазіргі таңда 12 мешіттің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
– Дін қуатты болсын дегенімізбен, өкінішке қарай, діннен ат-тонын ала қашатындар жоқ емес. Оған теріс діни ағымдардың қанат жаюы – негізгі себеп екені өзіңізге белгілі. Бүгінде әлеуметтік желіде «мешіттерге дін қызметкері қалай тағайындалады, шарттары қандай?» деген сұрақтар қойылып жатады.
– Имамдар әлбетте бас мүфтидің, облыстағы бас имамның бұйрығымен тағайындалады. Әуелі имамдар аттестаттаудан өтеді. Құран, шариғат, фиқх, ақида бойынша сынақтан өтеді. Жаназа мен жұма намазын өткізе ала ма, жоқ па? Басқа да мәселелерге баса назар аударылады. Бір сөзбен айтқанда, жамағатқа уағыз айтатын, үйренемін дегенге дін әліппесін үйрететін маманның кандидатурасы мұқият қаралады.
– Облысқа бас имам болғалы екі жарым жылдан астам уақыт өтіпті. Осы уақыт ішінде қандай өзгерістер болды?
– Біршама өзгерістер болды деп айта аламыз. Мәселен, 2023 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бекіткен бес бағытын жүзеге асыруда бірінші орынға шықтық. Дін мен дәстүр, діни оқу-ағарту, иқсан, насихат, жат діни ағымдардан сақтану, қоғамды ізгілендіру секілді мәселелер қамтылды бес бағытта. «Бес бағыт үздігі» деген марапат алдық. Бізде 29 сектор бар. Былтыр 17 облыс, 3 мегаполистің ішінен «Үздік өкілдік» аталымы бойынша жеңіске жеттік. Бұл – мүфтияттағы ең жоғарғы аталым. Бас имам болып тағайындалғанда, 78 мешіттің құжаты түгел емес еді. Бүгінде 49 мешітті жеке және заңды тұлғалардың атынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына тіркедік. Бұл да ауқымды жұмыстардың қатарында. 170-ке жуық діни қызметкер бар еді. Қазір 240-қа жуықтайды. Шамамен 70 маманды қызметке алдық. 20-ға жуық мешіт есігін айқара ашты. Жиырмадан астам құлшылық үйінің құрылысы жүріп жатыр. Өткен жылғы Құрбан айтта 5 мың балаға қуаныш сыйлаған мереке ұйымдастырылды. 60 мыңға жуық студентке ауызашар себеттері берілді. «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 4 отбасыға 33 300 000 теңге көлемінде баспана берілді. Сонымен қатар, имамдарға арналған қызметтік пәтер салу бастамасымен 36 пәтерлік үйдің іргетасы құйылып, құрылысқа әзірге 42 190 000 теңге қаражат жұмсалды.
Шахтинск қаласына қарасты Новодолинка ауылында, Поселковая көшесі, 9/1 мекенжайында тұратын отбасы ақпан айының басында өрт салдарынан баспанасыз қалған еді. Қиын жағдайда қалған отбасыға көмек көрсету мақсатында жомарт жандар бірлесе әрекет етіп, баспана алу үшін қажетті қаражат жинады.
Негізгі міндетіміз – халықтың ынтымақ-берекесін арттыру.
– Істеріңізге береке тілейміз! Дін қуатты болсын! Сұхбаттасқаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз!
Сұхбаттасқан Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»