Ескіден арылу «ЖАНДАНДЫ»
Ауаны негізгі ластаушылардың бірі – экологиялық стандартқа сәйкес келмейтін ескірген автокөліктер. 2016 жылы елімізде тозығы жеткен көліктерді қабылдап, қайта өндеу жұмысы басталып та кетті. Бір ғана 2020 жылы қабылдау бекеттері 41 262 мың тозығы жеткен темір тұлпарды сатып алды.
Заман талабына сай бұл жұмыс өз деңгейінде атқарылуда. Жақында ӨКМ (өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері) Операторы 2020 жылы тозығы жеткен көлік құралдары мен ауыл шаруашылық техникасын қайта өңдеуге тапсыру бағдарламасының қорытындысын жариялады.
– Бұған дейін тек жеңіл техника қабылданса, өткен жылғы қазан айынан бастап тұрғындар тозығы жеткен ауыр көліктерін де өткізе бастады. Жолаушы тасымалына арналған автобустарды да қабылдай бастадық.
Мәселен, салмағы 1,3 тоннадан жоғары М2, N1, N2 тобындағы техника үшін 400 мың теңге, ал бөлшегі түгел болмаса 350 мың теңге алса, М3, N3 санатындағы көліктер 550- 600 мың теңгеге бағаланды. Өткен жылы қабылдау бекеттері 41 262 мың ескі көлікті сатып алды. Техникасын жоюға тапсырғандарға берілген төлем көлемі 7 млрд. теңге болды. Сонымен қатар, 8 651 мың жеңілдік сертификаты табысталды, – дейді ӨКМ операторы өкілі Жомарт Рахымжан.
2020 жылғы 2-қарашадан бастап істен шыққан ауыл шаруашылығы техникасын қабылдаудың пилоттық бағдарламасы іске қосылды. Тапсырылған ескі комбайндар мен тракторлар орнына жаңа техника алуға жеңілдік сертификаты берілді. Бұл сертификат номиналы ауыл шаруашылығы техникасының түрі мен жиынтығына байланысты 560 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін бағаланды. Пилоттық жоба аясында 100 трактор мен 20 комбайн қабылданып, бағдарламаға бөлінген квота мерзімінен бұрын игерілді.
Ал, 2021 жылдың 11-қаңтарынан бастап істен шыққан көлік құралдарын қайта өңдеуге қабылдау бағдарламасы іске қайыра қосылды.
– Еліміздің 8 аймағындағы қабылдау бекеттері жұмысын бастады. Олар: Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Семей, Талдықорған, Тараз, Өскемен және Шымкент қалаларындағы қабылдау бекеттері. Айта кету керек, 18-қаңтардан бастап Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Көкшетау, Қостанай, Нұр-Сұлтан, Петропавл және Орал қалаларындағы қабылдау бекеттері жұмысын жалғастырады. Ал, ақпан айының 1-нен бастап Алматы мен Шымкент қаласындағы екінші қабылдау бекеті өз жұмысын жалғастыратын болады. Көлік тапсыру электронды кезек арқылы жүргізіледі, – дейді Жомарт Рахымжан.
Биыл тозығы жеткен 45 мың көлік, сондай-ақ 2380 ауыл шарушылық техникасын қабылдау жоспарланды. Айта кету керек, 2021 жылы АЕК мөлшерінің өзгеруіне байланысты толық жиынтықтағы ескі көлікті тапсырғандарға берілетін ақшалай өтемақы өсті. Мысалы, жиынтығы толық сегіз орындықтан аспайтын жеңіл көлік үшін 210 024 теңге, ал кейбір сайманы болмаса 157 018 теңге, жолаушыларды тасымалдау үшін пайдаланылатын, жүргізуші орнынын қоспағанда ең жоғары массасы 5 тоннадан аспайтын сегізден астам отыратын орны бар көлік құралына 420 048 теңге немесе бөлшектері толық болмаса 367 542 теңге беріледі.
Қайта кәдеге жарату зауытына тапсырылған көліктерге не болады? Алдымен оны өлшейді, радиациялық әсері тексеріледі. Содан соң қауіпті деген май, басқа да сұйықтықтары ағызылып, аккумуляторы алынып, резеңке заттары ағытылып тасталады. Жалпы, 1 литр машина майының 200 тоннаға тарта топырақты ластап, ол жерді ондаған жыл бойы пайдалануға жарамсыз етіп тастайтыны ғылымда дәлелденген. Оған жыл сайын жарамсыз болып қалатын 90 мың тоннаға жуық дөңгелекті қосыңыз. Қорыта айтқанда, қоршаған ортаға нұқсан келтіретін заттар мен көне көліктерді жинап зиянның орнына пайда көріп отырған Қарағандыдағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы ескі автокөліктерді темірге айналдыратын зауыт міндетін мінсіз атқаруда.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.